Ақтөбеде барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «AMANAT» партиясының депутаттарына екі күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Ақтөбелік депутаттар қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістерін меңгеруде
1,032
оқылды

Тәжірибелі тренерлер депутаттарды әлеуметтік желілер арқылы азаматтармен тиімді байланыс орнатуға және партия жұмысын ілгерілетуге үйретуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараны «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырды. Академия директоры Елдос Нұрланның айтуынша, қоғамдық коммуникацияның заманауи әдістерін меңгеру жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізеді.

«Лекторларымыз ақпан айынан бері еліміздің барлық аймағын аралап, депутаттарға семинар-тренинг өткізді. Әлеуметпен тиімді жұмыс істеу формалары және партияда жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалар аспектілері аясындағы оқуымыз бүгін өз мәресіне жетті. Әріптестеріміз халықпен жұмыс істеу, олардың мұң-мұқтажын шешу кезінде заманауи әдістерді пайдаланудың маңызын түсініп, мейлінше машықтанып жатыр. Оқыту жұмысы мұнымен шектелмейді», – деді ол.

Семинар-тренинг барысында депутаттарға әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілдері, әлеуметтік желілер мен интернет арқылы халықпен қарым-қатынас жасау, сондай-ақ әртүрлі платформаларда посттарды ресімдеу, материалды неғұрлым түсінікті, ыңғайлы түрде ұсыну жолдары түсіндірілді.

Өз кезегінде, осы семинар-тренинг қатысушысы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Күлпаршын Айдарханова дәрістің өте қажет әрі тиімді екенін алға тартты.

«Біз материал ұсынудың жаңа форматтарымен танысып, контент-жоспар құруды үйрендік. Сондай-ақ, түрлі тақырыпта сапалы ақпараттық материалдар даярлау, халықпен қарым-қатынасты нығайту жолдарын меңгердік. Семинар-тренингте айтылған ақпараттарды алдағы уақытта халықпен байланысты күшейту, өзекті мәселелерді шешу кезінде жан-жақты қолданамыз», – деді ол.

Айта кетейік, депутаттарға «TuraNews» ақпараттық-аналитикалық порталының аналитигі, бас редакторы Алмас Тоқабаев, «Kozildirik Media Group» креативті PR-агенттігінің басшысы Ерлан Мусипов дәріс беруде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.