Соңғы уақытта тұтынушылық инфляция едәуір төмендеп келе жатқанын тілге тиек ететінбіз. Мысалы, Ұлттық банк 2022 жылы оның мөлшері 20,3% болды десе, былтыр желтоқсанда бұл көр­сеткіш 9,8 пайызға дейін төмендеген еді.
Бағаны нарық белгілесе, кіріс көбейеді
1,081
оқылды

Маусымға дейін жалғасқан бұл тренд шілдеде кенет кері бұрылды. Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, 2024 жылдың маусым қорытындысы бойынша тұтынушылық инфляция 8,4%, ал шілдеде бағаның өсуі 8,6%-ға дейін үдеген. Сарапшылар оның басты себебі бизнес пен бюд­жет шығындарының өсуі деп есептейді.

Статистикаға сүйенсек, бір жыл ішінде елдегі ақылы қызметтердің бағасы 14,5%-ға, ал азық-түлік тауар­лары 5,5%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар азық-түлік емес тауарлардың бағасы бір жылда 7,3%-ға өскен. Деген­мен өсу қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда бәсеңдегенін байқай­мыз.

Мұны экономист Сапарбай Жобаев та растап отыр. Оның айтуынша, біз дамушы мемлекет болғандықтан нарық­та бағаның өсуі 8-10 пайыздық деңгей аралығында. «Қазір инфляция былтырғы жылдармен салыстырғанда жоғары деп айта алмаймыз. Бірақ азық-түлік бағалары біршама тұрақталып, кейбір тауарлардың бағасы, керісінше, төмендеуде. Мысалы, өсімдік майы, қант секілді өнімдердің құны 2022 жылмен салыстырғанда едәуір төмен», – дейді ол.

Дегенмен қарапайым азаматтар қалай болғанда да, қазіргі инфляция мөлшерінің ауыртпалығын сезініп отыр­ғанын жеткізді. Аудандық оқушы­лар үйінде «Қолөнер» үйірмесінен сабақ беретін А.Ләззаттың айтуынша, базар­дағы баға өскенімен, айлық мөлшері сол күйінде қалады. 

– Қазір менің айлығым – 130 мың теңге. Бұл қаражатты біреуі студент, ал екеуі мектеп оқушысы болатын үш баланың шығынына жеткізуім керек. Студент қызымның бір жылдық оқу ақысы 400 мың теңге, ал жатақханасы үшін 180 мың теңге төлейміз. Үшінші және жетінші сыныпта оқитын балаларымның мектеп формасы мен оқу құралдары үшін қаражатты қалай жеткізерімізді білмей дал болып отыр­мыз. Ауылымызда жұмыссыз жүрген, тіпті тек Үкіметтің жәрдем­ақысымен күнін көріп отырған қаншама ата-ана бар. Ол кісілердің де шағымы осы. Біз 5 балалы отбасы болсақ та, мем­лекеттен ешқандай көмек алмаймыз. Күнделікті азық-түлік пен коммуналдық шығындар артып келе жатыр. Баға жыл сайын кейде, ай сайын өсіп кетеді, ал еңбек­ақымыз бір қалып­та. Осының салдары­нан қазір көптеген жастарымыз жұмыс­сыз жүр. Тіпті, шетел кезіп кетіп жатқан азаматтарымыз қаншама? Ал елімізде еңбекақы көлемі аз болған­дықтан, тапқан-таянғанымыздың негізгі бөлігі азық-түлік сатып алуға кетеді, – дейді ол. 

Тұрғынның бұл сөзін ресми орган­дардың мәлімдемесі растай алмайды.  Өйткені Үкімет соңғы бірнеше жыл ішінде бюджет секторындағы жалақы­ның экономикадағы орташа көрсеткіш­терден асып түсуіне жағдай жасалды деп мәлімдейді. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша номиналды жала­қының өсуі 17,6%, халықтың но­миналды табысы – 15,8%, нақты табысы – 1,1% құрады. 2024 жыл­дың I тоқса­нында ҰСБ бағалауы бойынша қазақ­стандықтардың номиналды ақша­лай табысы 14,4%-ға, нақты табысы 4,7%-ға ұлғайған.

Ал экономист С.Жобаев инфляция­ны жүгендеудің жалғыз амалы барлық тауар мен қызметті нарық деңгейімен белгілеу деген пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, елдегі кейбір субсидиялық жүйелер жемқорлыққа алып келеді.

«Мен мына мәселеге назар аударғым келеді. Тауарлар мен қызмет құны нарықтағы инфляция деңгейімен шамалас мөлшерде өсіп отыруы керек. Неліктен? Себебі сол салада қызмет ететін азаматтардың еңбекақысы да сондай мөлшерде көбеюі қажет. Бірақ біздің елімізде көлік саласын алып қарайтын болсақ, халықтың қалтасы көтермейді деген сылтаумен жолақысын арзандату үшін субсидия береді. Мысалы, нарық бойынша қоғамдық тасымал қызметінің құны 250-300 теңге болса, оны 90-100 теңге көлемінде ұстап тұру үшін тасымалдаушы мекемеге бюджеттен қыруар қаражат бөледі. Бұл схема бюджет қаражатын жымқырудың бір амалы деп есептеймін. Екіншіден, баға арзан болса да кейбір азаматтарға арнайы көмек ретінде тағы да қаражат бөлінеді. Үшіншіден, жанар-жағармай құнын арзан ұстап тұрмыз деген сылтау­мен тағы да ақша береді. Салыстырар болсақ, көршілес жатқан Ресей мен Өзбекстан елінде бензин құны бізге қарағанда едәуір қымбат. Республика деңгейінде есептесек, өте үлкен көлем­дегі қаражат белгілі бір тұлғалар­дың ара­сында бөліске түседі. Ол да Кеңес үкі­меті дәуірінен бері келе жат­қан жең ұшымен жалғасатын жемқор­лықтың бір көрінісі, – дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, көлік қатынасы, коммуналдық шаруашылық қызметтер нарықтағы өзіндік құнымен есептелуі қажет. Маман мындай деректер келтірді: Қазақстанда мұқтаж адамдар саны 1 миллионға жуық, ал кедейлер саны 500 мың шамасында болса, шамамен алғанда 20 млн адамның 1 миллионы ғана кедей, қалған 18 млн азамат өзін толық қамтамасыз етуге шамасы жетеді. «Оның ішінде 500 мың азамат байлардың санатына жатады. Жоғарыда аталған жеңілдіктерді осы топ өкілдері де толық пайдаланып отыр. Менің ойымша, бұл азаматтар қызмет пен тауар құнын нарық деңгейінде тұтынуы қажет. Ал аса мұқтаж 1 млн азамат үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін көбейту керек. Дүниежүзіндегі барлық дамыған ел бұл мәселені осындай жолмен шешеді», – дейді ол. 

Сондықтан маманның пікірінше, елімізде қызмет пен тауар құнын өн­дірушілер мен кәсіпкерлер өздері на­рыққа сай бекітуі керек. 

«Ауылшаруашылық өнеркәсібін қолдауға бағытталған субсидиямен шатастырмаған абзал. Ол өте орынды. Ал қызмет түрлері мен кейбір отандық өнімдердің бағасы нарықтық болса ғана, бізде кіші және шағын орта бизнес өркендейді. Қазіргі жағдайда алпауыт компаниялар мемлекеттен өте үлкен көлемде қаражат алады да, шағын және орта бизнес өкілдерін тұншықтырып отыр. Көршілес елдермен салыстыр­ғанда, біздегі баға көрсеткіші өте арзан. Тіпті, ең кедей Африка мемлекеттерімен бірдей десек те болады. Ал табыс көрсеткіші жан басына шаққанда 12-13 мың АҚШ доллары шамасында. Мы­салы, көлік қатынасы үшін ең маңызды жанар-жағармай құны 92 АИ бізде 205 тенге болса, Ресейде оның құны 300-350 тенге көлемінде. Қызмет көрсету сала­сындағы бағаны нарық бекітер болса, осы саладағы қызметкер­лердің де жала­қысының өсуіне септігін тигізер еді», – дейді маман.

Кәмила ЕРКІН