Кеше Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында жұ­­мы­сын бастаған Акселератор­дың SDG IMPACT REPORT 2024 жария есебі көпшілікке таныстырылды.
Акселератор – орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу тетігі
883
оқылды

Бұл – Сенат­тың Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысы әкім­дігінің бірлескен баста­ма­­сы. Жоба аясында заң­нама­ны жетілдіру және өңірлерді орнықты дамыту жөніндегі практикалық ше­шімдер мен ұсыныстар топ­тамасы қарастырылды. Са­рап­тамалық зерттеулерді талқылауға Парламент Се­на­­ты­ның Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев, халықара­лық ұйымдардың Қазақстан­дағы өкілдіктерінің басшы­лары және зерттеу инсти­тут­тарының сарапшылары қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Сенаттың Қоғамдық жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп іске асырған Акселератор бірегей бастама еке­нін және ол елдің орнықты дамуы­на қатысты жаңа идеялар мен нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейтінін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің аяғында Қазақ­станның 2029 жылға дейінгі ұлт­тық даму жоспарын бекітті. Атал­ған құжатта айқындалған тәсілдер негізінен ұлттық және өңірлік деңгейде Орнықты даму мақсат­тарына қол жеткізуді жеделдетуге арналған. Бұл ретте Акселератор Орнықты даму мақсаттарына түр­лі бағытта қол жеткізудің тиім­ді тетігі екенін атап өткен жөн», – деді палата Спикері.

Көпшілікке таныстырылған SDG IMPACT REPORT 2024 жария есебі – Акселератордың 100 күнге жалғасқан жұмысының нақты нәтижесі. Есепте заңнама­ны жетілдіру бойынша ұсыныстар және Ақмола облысында іске асырылған пилоттық жобалар мен бастамалар жөнінде жобалық құ­жат­тама қамтылған. Атап айт­қанда, зерттеу топтары денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық өсу, қалалардың тұрақты дамуы және тағы басқа салаларда сын-қатер тудыруы мүмкін жағдай­ларды талдады. Жарияланған есеп ұсынылған бастамаларды Орнық­ты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комис­сиямен бірлесіп жүзеге асыру ба­рысында да айрықша мәнге ие.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық институттардағы сарап­шы­ларды орнықты даму күн тәр­тібін іске асыруға жұмылдыру аса маңызды екенін және бұл баста­маға Талдау мектебі мен Сарап­шылар клубы сияқты Сенат жа­нын­дағы жобалардың түлектері де қатысқанын тілге тиек етті.

«Алдымен, Орнықты даму мақ­сат­тарының өңірлік деңгейде іске асырылуы өте маңызды. Аксе­­лератор жұмысының аяқ­талуы­на қарамастан, облыс әкім­дігін және команда мүшелерін жобалардың іске асырылу тиім­ділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп тұруға шақырамын. Іс-шараның қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда тиісті өз­ге­рістер енгіземіз немесе жаңа заң­дар әзірлейміз. Мұндай жоба еліміздің басқа өңірлерінде де көптеген идеялардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сенат алдағы кезеңде де сындарлы бас­та­ма­ларға жүйелі қолдау көрсетуге дайын», – деп Мәулен Әшімбаев жобаға қатысушыларға, волонтер-зерттеушілерге және сарапшы­ларға алғыс білдірді.

Іс-шараға Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жө­ніндегі кеңесшісі Күнсұлу Зака­рия, Ақмола облысының бас­шы­лығы, БҰҰ-ның Қазақ­стандағы Тұрақты үйлестірушісі Ми­каэла Фриберг-Стори, Қазақ­стандағы БҰҰ Даму бағдар­лама­сының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Парламент депутат­тары және тағы басқа сарапшылар қатысты.