Халықаралық жастар күнінде Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағы думанға бөленді.
Көшбасшы жастар көпшілік құрметіне бөленді
607
оқылды

Әсем әуен әуелеп, күй шалқыған, жастардың жарқын бастамалары көпшілікке таныстырылып, құрбы-құрдастарының алдынан көрінген дарындылар дара шыққан мерекелік шарада облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы–2024» жастар сыйлығының иегерлері марапатталып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпаздарына гранттар тапсырылды. Ізденістерімен танылған 10 жастың жаңа бизнес-идеялары грант түрінде қолдау тапты. «Жастар» саябағында өткен мерекелік іс-шара өңірдің түкпір-түкпірінен өздерін түрлі салада танытып жүрген дарынды және креативті жастардың басын қосты. 

Кездесуде сөз сөйлеген облыс әкі­мінің орынбасары Диас Ес­дәулетов жеңімпаздарды облыс әкі­­мінің атынан құттықтап, өңірдегі жас­тарды қолдау шараларына тоқтал­ды. Осы қолдаулар ішінде жаңа биз­нес-идеялар мен бастамаларды қол­дау­­ға бағытталған «Тәуелсіздік ұр­­­пақ­тары» жобасын ерекше атап өту­­ге болады. Оны жүзеге асыруға об­­лыстық бюджеттен жыл сайын әр жо­­баға 3 млн теңгеден, жалпы сомасы 30 млн теңге бөлінеді. Биыл да жас­тар­­дың арасынан өздерінің бизнес-бастамаларын мойындата алған 10 адам грантқа ие болды. Солардың бірі Қуаныш Жақпаев:

– Биыл екінші жыл қатысып отыр­мын, осы жолы прототиптер жа­сап, «Бизнес» номинациясы бойынша грант ұтып алдық. Мемлекеттен алған 3 миллион теңгеге әріптестеріммен бір­ге жобамызды жүзеге асыруға қа­жетті құрал-жабдықтарды сатып ала­мыз. Бұл – аса маңызды қадам. Содан кейін біз электр мотоцикльдері мен электр велосипедтерін шығаратын жо­ба­мызды одан әрі дамытамыз, – дейді. 

Жоба авторы Қ.Жақпаев – І.Жан­сүгіров атындағы ЖМУ Физика-ма­те­матика кафедрасының жара­ты­лыс­тану ғылымдары жоғары мектебінің физика пәнінің мұғалімі. Сондай-ақ Қуаныштың замандастары Айнұр Ка­кеева Балаларды түзету және да­мыту орталығы, Мейрамбек Омархан SIK ROUTE шунгит өнімдері, Зарина Сау­дабаева «Балақай» балабақшасы, Айым Сайлаубекова «Инклюзивті бі­лім беру орталығы» жобалары бойын­ша гранттарды иеленді. Ал мә­дениет бағытындағы биылғы грант На­зым Уакышоваға берілді. Ол – Learn house атты балаларды дамытуға ар­налған жобасын ұсынған екен. Ғы­лым бағытында «Гидропонды әдіс кө­мегімен топырақсыз дәнді – да­қыл­дарды 7 күннің ішінде өсіру» жобасын ұсынған Мағжан Ысқақов жеңіске жетті. Ақпараттық технологиялар бойын­ша Future-IT робототехника ше­­берханасы жобасымен Дамир Нұр­кежанов грант ұтты. Сондай-ақ медиа бағытында Батырбек Қайыпбай Же­тісу облысының аудан орталықтарына 7Facts әлеуметтік (телевизиялық) сая­хат жобасын қолға алса, Мерлен Мұ­хамедияров «Қабырға принтері – қа­бырғаларды бояуға арналған жаб­дық» жобасын жүзеге асыратын бол­ды. 

Облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы» жастар сыйлы­ғы­ның иегерлері биыл 15 аталым бойын­ша марапатталды. Олардың ішін­де үздік кәсіпкер, оқушы, сту­дент, спортшы, журналист, қоғам қай­раткері, мемлекеттік қызметші, мә­дениет, білім және ғылым, меди­цина, ауыл шаруашылығы салаларын­дағы жас көшбасшылар бар.

Солардың қатарында Жазира Ілияс­тың Талдықорған қаласындағы Yerkin өнер академиясы облыстың ең үздік жастар ұйымы болып танылса, Ақсу ауданында тұратын үлгілі от­басы, төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар Диас пен Назым Би­лаловтар үздік отбасы атанды. «Же­тісудың Көшбасшысы–2024» ата­лымы бойынша облыстың сауда және тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы, ерікті әрі мемлекеттік тілді қорғаушы Ғазиз Аманжолов, ал «Үздік жас патриот» ата­лымында Ақсу ауданы Қаракөз ауылындағы Б.Садырбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұржан Жұмағали жеңімпаз атанды. Үлкен батылдық танытқан Нұржан суға батып бара жатқан екі баланы құтқарып қалған.

Жеңімпаздардың бәрі статуэт­калар, дипломдар мен ақша­лай сертификаттармен марапат­талды. Көшбасшылар атынан сөз алған Қа­ратал орталық аудандық ауру­хана­сы­ның хирургия бөлімшесінің мең­геру­шісі, «Медицина саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясының ие­гері Арман Әбділдинов өздеріне көр­сетілген қолдау үшін алғыс айта келе:

– Қазір білім алған жастар үлкен қа­лалардан жұмыс табуға тырысады. Бірақ жас мамандар шалғай ауылдар мен аудандарға өте қажет екенін се­зін­гені жөн. Мен өзім Семейде білім алып, Оңтүстік Кореяда лапароско­пия­лық хирургия бойынша 4 айлық курсты бітіріп, сонда қалып, жұмыс іс­теу­ге мүмкіндік алғандықтан, бар жи­наған білімім мен тәжірибемді ту­ған өлке тұрғындарының игілігіне жұм­сауды жөн көрдім. Қаратал ауда­нында хирург болып жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл болды. Қолымнан кел­генді аянбаймын, ем жасаймын, үне­мі біліктілігімді арттырып отыра­мын. Бүгінгі марапат мен үшін тосын сый болды, – деді ол.

Биылғы конкурсқа облыс жас­та­ры­нан 172 өтініш келіп түсіпті. Ар­­­­найы құрылған комиссияның шеші­мі­мен олардың 15-і өз саласында үздік деп танылды. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы