Ішкі туризмді дамыту жер­гілікті бизнесті қолдау және жұмыс орындарын құру арқылы ел экономикасына үлес қосады. Сонымен қа­тар бұл азаматтарға елдің мәдениеті мен тарихын терең түсінуге мүмкіндік бе­­реді.
Отандық туризм  оңалып келе ме?
704
оқылды

Бір жағынан бұл шетелдік туристерге тә­уелділікті азайтудың құ­­ралы болса, біздің жағ­дайымызда салаға жан бітірудің бір амалы. Әсіресе, шалғайда орналасқан шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға жол ашар еді. Қазір секторды дамытуға көп күш жұмсалғанымен, сарапшы мамандар отан­дастарымыздың ішкі ту­ризмге қарағанда шет мем­лекеттерге сапарлауды құп көретінін айтады.

Finprom сараптама орталығы Туризм және спорт министрлігі (МТС) Қазақстанға шетелдік туристерді тартуға күш салып жатқанда, ішкі туризм нарығында қарқын бәсеңдегенін алға тартуда. Өйткені былтыр азаматтар елімі­здің көптеген туристік аймағында демалудан гөрі шетелге жиі бар­ған. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шетелге шыққан туристер саны 10,5 миллион адамды құрады, бұл ішкі туризм көрсеткішінен (9,6 миллион адам) шамамен 1 миллионға артық. Аталмыш көрсеткіштердің динамикасы да әртүрлі. Атап айтқанда, былтыр шетелге шыққан қазақстандықтар саны 37,2%-ға артса, ішкі туризм көрсеткіші 11,2%-ға өсті.

Ішкі туризмнің әлеуеті жоғары

Айта кету керек, бюро ұсын­ған мәліметтер ішкі ту­ризм бойынша Қазақстан ішін­­де әртүрлі мақсатта – ту­ристік, жеке немесе іскерлік мақ­саттарда сапарлаған қазақ­стан­дықтардың санын көрсетеді. 

«Туристік, яғни қонақүйлерде және басқа да орналастыру орындарында тоқтағандардың негізгі бөлігі – 7,1 миллион адам. Ал тікелей демалу және сауықтыру мақсатында курорттық аймақ­тарға барған қазақстандықтар саны бар болғаны 412,6 мың адамды құрады. Турист ретінде ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тарға 2,1 миллион адам барды», – дейді агенттік сарапшылары.

Әзірге еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі алма­тылық тау-кен кластері болып отыр. Мамандар бұл бір жағынан, тау шаңғысы курорттарының инфрақұрылымын дамыту және олардың мегаполиске жақын орналасуы шетелдік және жер­гілікті туристердің назарын аударуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Алматының өзге аймақ­тармен салыстырғанда әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Мәдени астананың туризм бойынша Қазақстанның басқа аймақтары­нан бұлайша оқ бойы озық шығуы өзге аймақтардың артта келе жат­қанын айқын көрсетеді. Мысалы, 2023 жылы 8,1 миллион туристің әрбір төртіншісінің (немесе 2 миллион адам) таңдауы Алма­тыға түскен. Сонымен қатар қонақ­үйлер, турбазалар, сана­торий­лерде көрсетілген қызмет­тердің жалпы көлемінің үштен бірі, яғни 74,1 миллиард теңге де дәл осы қалаға тиесілі.

Жыл басында өткен Туризм және спорт министрлігінің пленар­лық отырысында kazakh Tourism АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сә­дуақасов Алматы, Астана, Аты­рау қалалары турис­терді қабылдау бойынша алда келе жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ ол ел аума­ғы бойынша туристердің біркелкі таралмауы байқалатынын атап өткен. «Бұл кейбір аймақтардағы кәсіпорын­дардың банкроттыққа ұшырау қаупін, сондай-ақ Алматы қала­сындағы секілді баға мен адам санының күрт өсіп кетуіне септігін тигізеді. Мұны теңестіру үшін аймақтарда белсендіру бағдарламаларын іске қосу қажет. Түркістанда жүзеге асырып жатқан жобаларды мысалға алуға болады», – деді ол.

Дегенмен Finprom сарапшы­лары 2023 жылғы іс-шараларды жүзеге асыру туралы министрлік есебіне сүйене отырып, ведом­ство­ның ішкі туризмге қарағанда сырттан туристер тартуға басым­дық беретінін байқаған. «Бұл бағыт қаржыландыру ағындарын да, шетелдік туристер үшін ең қызықты аумақтардың дамуын анықтайды. Мысалы, 2023 жылы шетелдік туристерді тарту үшін субсидия ретінде бюджеттен 122 миллион теңге бөлінген — бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 20 есе көп. Іс-шаралар тізімінде ау­қымд­ы форумдар, шетелдік ме­диа­дағы маркетингтік акциялар, шетелдік турбизнес өкілдеріне арналған инфотурлар, шетелдік блогерлерді тарту негізіндегі жарнамалық кампаниялар бар. Қазақстандық туристік брендті шетелде ілгерілету бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде», – дейді сарапшылар.

Нәтижесінде, ішкі туризм сырт­тан келуші туристердің көлеңкесінде қалып отырғандай күйде. Мысалы, осы бағытта жұм­салып жатқан қаражат көлеміне назар салсақ, былтыр  спорт және туристік қызмет саласында мем­лекеттік саясатты қалыптастыруға 1,6 миллиард теңге бөлінген. Агенттік ұсынған мәліметтерге сенсек, оның  92%-ы ағымдағы әкімшілік шығындарға жұмсал­ған.  Сонымен қатар туризмді дамы­туды ынталандыруға арнал­ған 238,1 миллион теңге қазына қаражатының негізгі бөлігі бала­лардың ел ішінде ұшуын субси­дия­лайтын Kids Go Free бағдар­ламасына жұмсалады.

«Жалпы алғанда, ішкі туризм­нің дамуы үлкен оптимизм туғыз­байды. Республикалық бюджет есебінен туризмде жұмыс істейтін кәсіпорындарға қаржылық қол­дау­дың бірнеше бағыты ғана бар. Мысалы, былтыр туристік авто­бустар (50 миллион теңге) және тау шаңғысы жабдықтарын (2,8 миллион теңге) сатып алу бойын­ша шығындарды өтеуге қаражат бөлінген. Әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлердің туристік (168 миллион теңге) және жол бойын­дағы сервис нысандарын (355 миллион теңге) салуға жұмсаған шы­ғындарын өтеуге қаражат бөлін­ген. Бірақ ішкі туризмді да­мы­туға бағытталған ірі маркетинг­тік іс-шаралар туралы есепте айтылмаған. Отандық компания­ларға өзге аймақ тұрғындарының арасында өз қызметтерін ілгері­лету үшін мемлекеттік нақты қол­дау жетіспейді. Бұл ішкі нарықтың әлеуетін жоғалтумен тең», – делінген хабарламада.

Саланы дамытуға барынша на­зар аударылып жатқанын ондағы инвестиция көрсеткіш­терінен де байқауға болады. Мысалы, министрлік мәлімет­теріне сүйенсек, былтыр туризм­нің барлық саласына негізгі капиталға салынған инвестиция­лар 787 миллиард теңгені құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 53%-ға артық. 

Туроператорлардың табысы артты

Статистикаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-наурыз айларын­да қазақстандық компаниялардың туризм саласындағы табысы өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есе өскенін хабарлады. Сәйкесінше, сектор­дағы компаниялардың табысы 160,3 млрд теңгеден асып, 2022 жылдың басынан бергі ең жоғары тоқсандық көрсеткішке жетті. Оның ішінде отандық туропера­тор­лар 143,4 млрд теңге табыс тауып, олардың табысы 7,6 есеге өсті. Агенттік сарапшылары мұны пандемиядан кейінгі нарықтың қайта қалпына келу үрдісі деп бағалап отыр. 

«Туроператорлар мен туристік агенттіктердің кірісінің өсуі жанама түрде пандемия кезінде қатты зардап шеккен туристік қызметтер нарығының қалпына келуін көрсетеді. Былтыр Қазақ­станға 9,2 млн шетелдік турист келген.  Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Сондай-ақ соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгей. Ал шетелге шыққан қазақ­стандықтардың саны 10,5 млн, бұл 2022 жылмен салыстыр­ғанда 37%-ға артық», – деп атап өтті сарапшылар.

Былтыр ел азаматтары тур­агенттіктер мен туроператор­лардың қызметтеріне көбірек жүгінген еді. Өз шығындарын едәуір арттырды. Үй шаруа­шылықтары арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері бойынша 2023 жылы осы бап бойынша жұмсалған шығын­дардың жалпы сомасы 595,7 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43,7%-ға артық. «Дегенмен бұған турфир­малардың қызметтеріне тек ішкі турлар үшін ғана емес, шетелдік турлар бойынша да ақы төлеу шығындары кірді», – делінген хабарламада.

Аймақтар алда келеді

Қазақстан Саяхат пен туризм­ді дамыту туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) индексіне сәйкес туристік бағыттар тізімінде 119-дан 52-орынды иеленді. Спорт және туризм министр­лігінің хабарлауынша, рейтингтегі бағалық бәсекеге қабілеттілік критерийі бойынша еліміз екінші орынға иек тіреген.

Екі жыл ішінде әлемдік туризм рейтингінде республика 14 позицияға көтерілген. Бұған дейін 2021 жылы рейтингте Қазақстан 117 елдің ішінде 66-орынға жайғас­қан еді. Қазір Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері  (56), Өзбекстан (78), Қырғызстан (102) арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

Ведомство еліміз туризмнің әлеуметтік-экономикалық әсері (5), денсаулық сақтау және гигиена (23), табиғи (30) және мәдени ресурстар (48), сондай-ақ адами капитал мен еңбек нарығы (43) және туристік инфрақұрылым мен сервис (47) санаттарында ең жоғары баға алғанын алға тартады.

Дүниежүзілік экономикалық форум сайтының деректеріне сүйенсек, Қазақстанға 4,5 млн ше­тел­дік турист келген. Туризм­нен түсетін түсімдер 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осыған дейін Туризм министрлігі былтыр еліміз миллионнан астам шетел­діктерді қабылдағанын және 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық екенін хабарлаған болатын. Мысалы, 2022 жылы елге 928 мың шетелдік келді. Туристердің ба­сым бөлігі Алматы мен қала маңын­дағы туристік нысандарға саяхаттауды құп көреді. Сәйке­сінше, былтыр қалаға екі мил­лион­нан астам турист келген, ал оның ішінде 540 мың турист шетелдік. 

Мәселен, 2023 жылы Қазақ­станға Ресей, Қытай, Түркия, Үн­діс­тан және АҚШ саяхатшы­лары жиі келетін. Ал қазақстандық қонақүйлер рекордтық ақша тапты – 229 млрд теңге. 2022 жыл­мен салыстырғанда кірістердің өсуі 12,4%-ды құрады. Биыл Қазақстан БАӘ туристері үшін қасиетті Рамазан айында және Ораза айт мерекесінде ең танымал бағытқа айналды. 2023 жылы визасыз режим енгізілгеннен кейін қытайлық туристердің Қазақстанға сапарының саны 115%-ға өсті. Мұнда турпакет­тердің қолжетімділігі мен қысқы ойын-сауықтың тартымдылығы да маңызды рөл атқарды.

Кәмила ЕРКІН