Тойота Альфард автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Шкода Октавия патрульдік полиция көлігімен соқтығысқан.
Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты болып, екі полицей көз жұмды
Фото: istockphoto.com
926
оқылды

Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апаты болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы 17 тамызда сағат 01:00 шамасында "Меркі-Шу-Бурылбайтал" республикалық маңызы бар автожолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. 

Тойота Альфард автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Шкода Октавия патрульдік полиция көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүрген қызметтік көліктегі екі патрульдік полиция қызметкері қаза тапты. 

Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің бірі – 11 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Тойота Альфард көлігінде 8 жолаушы болған. 

Олардың төртеуі сол жерде қаза болып, үш жолаушы мен жүргізуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. 

«Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың отбасына, жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Полиция мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – делінген хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.