Күні кеше Алматы қаласында ҚР Парламенті Сенатының шахматтан Senat Open ашық кубогының жартылай финалы өтті.
Senat Open: «Шығыс» өңірінің финалистері анықталды
1,104
оқылды

Парламент Сенатының қолдауымен KazChess/Қазақ шахмат федерациясы тұңғыш рет ұйымдастырған турнирге барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала мәслихаттарының депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Алғаш ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен жүзеге асқан турнирге Freedom Holding Corp. компаниясы серіктестік етеді. «Шығыс» өңірінің 100-ден астам шахмат әуесқойлары бас қосқан бәйгеде қатысушыларға қойылар жалғыз шектеу – Elo рейтингі 2000-нан аспауға тиіс. 

Оңтүстік астанасының төрінде шахмат турнирін өткізудегі басты мақсат – ұрпақтар сабақтастығын дәріптей отырып, шахмат ойынын кеңінен насихаттау. Адам көкжиегін кеңейтіп, ми жұмысын жақсартуға үлесі мол шахматтың өмірдегі маңызын айқындау. Осыған дейін Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев Сенат пен Қазақстан шахмат федерациясының арасында орнаған келісімге байланысты шахмат турнирін Алматы қаласында ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде ұйымдастыру жоспарланғанын айтқан еді. Онымен қоса аталмыш бәйгенің өткізілуіне арқау болған тағы бір басты себеп – биыл Мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл.

Айта кетейік, 2024 жылдың 21 сәуірінен бастап 15 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада іріктеу турнирлері өткен еді. Іріктеу сатысынан суырылып шыққан әр облыстың 25 үздік ойыншысы солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтық принцип бойынша құрылған жартылай финалда ойнау құқығын алды. Сондай-ақ жаз бойы Шымкент, Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында жартылай финал өткізілді. Турнирдің жартылай финал кезеңіне қатысушылар негізінен Шығыс өңірін қамтиды. Оның ішінде Алматы қаласы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы  облыстарында өткен іріктеу кезеңінің жеңімпаздары бар. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сынға түскен қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тілеген арнайы бейне құттықтауын жолдады. 

- Ең алдымен, қатысушыларды турнирдің жартылай финал кезеңіне шығуымен құттықтағым келеді. Senat Open көптеген қатысушы үшін алғашқы маңызды бәсекелестік тәжірибе болса, ал өзгелері үшін шахмат ойнауды үйренудің басты мотивациясына айналды. Іріктеу кезеңдері өзінің ауқымы, қатысушылардың қатысуы және географиясы бойынша турнирді бұрын-соңды болмаған дода деп санауға болатындығын көрсетті. Осыған дейін бірде-бір спорт федерациясы немесе қоғамдық ұйым Парламент Сенатының қолдауымен осынау ауқымды көлемдегі жарысты өткізген емес. Қазақстандық шахмат федерациясы мұндай маңызды жобаны бірінші болып жүзеге асыра алғаны қуантады», – деді Тимур Турлов.

Жартылай финалды тамашалауға келген қонақтар мен турнир қатысушылары қоғам үшін пайдасы орасан мұндай жобаларды өткізу жыл сайын дәстүрге айналса екен дейді. Солардың бірі Абай облысынан арнайы келген қатысушы – Ермек Төлегенұлы.

-Шахмат – зияткерлік ойын. Мұнда жан-жақтан депутаттар жиналған. Жарысқа депутаттардың да қатысуы өте дұрыс деп есептеймін. Өзге аймақтардан келген қатысушылармен танысып, ой-пікірімізді бөлісіп әрі тәжірибе алмасып жатырмыз. Сондықтан елімізде осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылғаны абзал, – дейді Е. Төлегенұлы.

Сонымен, 9 раундтық рапид қорытындысы нәтижесінде жартылай финал кезеңінен үздік шығып, республикалық турнирге жолдама алған «Шығыс» өңірдің 25 өкілінің есімі белгілі болды. Енді олар тамыз айының соңында Астана қаласында өтетін Senat Open турнирінің финалдық кезеңінде бақ сынайды. Сондай-ақ депутаттар, журналистер, қоғам белсенділері, әйелдер мен 60 жастан асқан қатысушылар арасында үздік деп танылған ойыншылар арнайы сертификатпен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бас қалада өтетін финалда Парламент депутаттары мен БАҚ өкілдерін қосқанда 200-ге жуық қатысушы сынға түседі. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы