Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушы Т. қоғамдық орында бола тұра, орталық демалыс саябағында орналасқан «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде автокөлігін мемлекеттік нөмірсіз, «желікпелікпен» басқарған.
Астанадағы "Атырау" көпірінен көлікпен жүріп өткен тұрғын қамауға алынды
1,217
оқылды

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Т.-ға қатысты іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі), – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушы Т. қоғамдық орында бола  тұра, орталық демалыс саябағында орналасқан «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде автокөлігін мемлекеттік нөмірсіз, «желікпелікпен» басқарған.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, автокөлікті жаяу жүргіншілер көпірінде басқару туралы досымен бәстескенін, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Құқық бұзушының әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада көрсетілген деректермен, баянатпен, түсініктемелермен және бейнежазбамен дәлелденеді.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот Т.-ның осы тектес әкімшілік құқықбұзушылықты бірінші рет жасағанын және әрекетіне өкінетінін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Жасалған әрекеттің сипатын, кінәлінің жеке басын, оның құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, істің мән-жайын ескере отырып, көпірдегі жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген адамды тәрбиелеу мақсатында, сондай-ақ жаңа құқықбұзушылық жасауға жол бермеу мақсатында, соттың қаулысымен Т. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.