АЭС салу мәселесі бойынша өткен жария талқыға қатысты Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев пікір білдірді.
Жапония мен Ресей атом энергетикасынан бас тартқан жоқ – Елнұр Бейсенбаев
938
оқылды

АЭС салу мәселесі бойынша өткен жария талқыға қатысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев пікір білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Ол АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізуді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаты іске асып отырғанымен байланыстырды.

«Жақында елімізде АЭС салу бойынша референдум ұйымдастырылады. Сондықтан да бүгінгі жария талқылауда халықты алаңдатқан сұрақтар талқыланып жатыр.  Бүгінгі қоғамдық кеңесте АЭС туралы түрлі пікір айтылды. Фукусимадағы және Чернобыльдегі апат айтылды. Бірақ осы жағдай болғанымен, жапондықтар мен ресейліктер АЭС салудан бас тартқан жоқ. Қазіргі таңда екі елде де АЭС кемінде 30 пайыз энергетикалық тұрақтылықты сақтап отыр. Сонымен қатар күні кеше Париж қаласында Олимпиада өтті. Ал Францияны 70 пайыз энергетикалық тұрақтылықпен осы АЭС қамтамасыз етіп отыр», – деді Е.Бейсенбаев.

Спикер қазір елде энергия тапшылығы бар екенін атап өтті. Әрі бұл 10 жылдан кейін ауыр зардапқа әкелуі мүмкін екенін де тілге тиек етті. Сондықтан қоғамдық талқы барысында бұл тақырыпты ғылыми тұрғыдан қарастыру керек.

«Әлемде барлық мемлекет көмірден алынатын энергиядан бас тартып жатыр. Мәселен, біздің көршілес Қытай мемлекетін алайық.  Осыдан 12 жыл бұрын Бейжің қаласында болдым. Ол кезде қала көшелерінде ауа таза болмайтын, бірақ қазір ол әлемдегі таза экологиялық қалалардың қатарына кіріп отыр. Сондықтан да біздің елді міндетті түрде тұрақты энергияны қамтамасыз ету керек. Бүгінгі талқылауда түрлі оқыс жағдай болуы мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр. Десе де, айтылып жатқан пікірлердің ғылыми жағына баса назар аудару қажет. Осы күнге дейін елімізде үш референдум өтті. Олардың барлығы саяси бағытта еді. Қазақтың тарихында бірінші рет әлеуметтік, қоғамды мазалайтын сауалға жауап іздеу мақсатында референдумды өткізейін деп жатырмыз. Яғни, бұл Мемлекет басшысы айтқан “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасының іске асып жатқанын көрсетеді. Шынайы пікірталас өтіп жатыр. Иә, рас, бүгін АЭС-ті қолдаушылардың қатары көбірек. Осында пікір айтушы ғылыми сарапшылар бар. "AMANAT" партиясының мүшесі ретінде осы идеяның мейлінше шынайы іске асуына және дауыс беруде әділдікті сақтауға күшімізді саламыз. Біздің қатарымызда да кәсіби энергетика мамандары бар. Сондықтан да бұл тақырыпқа жан-жақты қарау қажет», деді депутат.