Абай Бегейдің он алты жастағы қызы Сымбаттың ерте тұрмысқа шыққаны халықтың талқысына түсті.
"Мен де анасын 17 жасында алдым...": Абай Бегей 16 жасында тұрмыс құрған қызы жайлы шындықты айтты
Фото: @symbatabaikyzy
1,874
оқылды

Абай Бегейдің он алты жастағы қызы Сымбаттың ерте тұрмысқа шыққаны халықтың талқысына түсті. Әлеуметтік желідегі оқырмандар екіге бөлінді. Бірі жастарға бақыт тілесе, енді біреулер "ата-анасы қайда қарап отыр?" десті. Ал желіде жарық көрген ұзатылу тойында жұлдызды әкесінің көрінбеуі қауесетті күшейтті, – деп жазады  Aikyn.kz  nege.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

– Абай, жұрт қызыңыздың тым ерте тұрмысқа шыққанын айтып жатыр. Оңды-солын танымаған бала деп жатқандар бар. Бұған не дейсіз?

– Қызым биыл оныншы сыныпты бітірген соң стоматология мамандығын меңгеру үшін колледжге оқуға түскен еді. Содан Ақтауға барғанда осындай жағдай болды. Дегенмен, үлкендер "бағын байлама" деген соң, рұқсатымызды бердік.

– Естіген бойда қуғыншы жіберіп қызды алдыртып алған екенсіз...

– Иә, соңынан қуғыншылар барды. Дегенмен, үлкендердің айтқанына құлақ асуыма тура келді.

– Бізде кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың некесі қиылмайтынын ескерсек, бұл заңға қайшы ғой?

– Бұйырса, қызым төрт айдан кейін он жетіге толады. Мен де анасын он жеті жасында алдым. Егер қызым он бесте болғанда келісім бермейтін едім. Қазір жібердім не, төрт айдан кейін жібердім не, кететін қыз бәрібір кетеді ғой.

– Діни басқарма екі жастың некесі қиылмағанын айтқан еді...

– Неке мұсылмандық парызымыз ғой. Оған төрт адам қатысады. Қастарында екі куәгер болса жеткілікті. Теңін тапса, балалардың жолын кес-кестей алмаймыз. Күйеубала екеуі бір колледждің шәкірті, бұйырса оқуларын бірге оқиды деп отырмыз.

– Үйіңізде өткен ұзатылуда сізді көре алмадық. Соған қарағанда оңайлықпен келісім бермеген сияқтысыз...

– Иә, ол рас, басында қарсы болдым. Ата-ана болғаннан кейін оқысын, тоқысын, алды-артын танысын дейміз. Бірақ Алла тағала өзі тағдырына жазып тұрса, амал бар ма?

Маңғыстау жақта қыздың әкесі жігіт жақтың тойында төбе көрсетпейді деген ырым бар екен. Тойға барасыз ба?

– Ондай ырымның бары рас. Бірақ мен бүгін арнайы тойға қатысуға келіп отырмын. Себебі, ағайындар келіп, қызыма батамды беруімді өтінді. Бұйырса, кешке салтанатты кешке қатысамыз.

– Ел алдында діни жөн сілтеп жүрген ұстаздардың арасында қызымды тоқал болуға берер едім деп жүргендер бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Мен мұндай пікірді құптамаймын. Қызды тоқалдыққа беруге де, алуға да қарсымын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.