Вице-министрі Еділ Оспан қыз балаға дер кезінде психологиялық көмек көрсетілгенін айтты.
Павлодар облысында 12 жасында босанған оқушы мен нәрестенің қазіргі жағдайы белгілі болды
Фото: istockphoto.com
6,216
оқылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Павлодар облысында 12 жасында босанған оқушының жағдайы жайлы айтып берді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz  Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Бүкіл мәселе балалардың құқығын қорғау комитетінің құзырына шұғыл түрде түседі. Кез келген жағдайда комитет мамандары аймаққа барып, мән-жайды біледі. Сондықтан комитет арқылы біз бүкіл мәселені бақылауда ұстап отырамыз. Бірақ, жағдайдың бәрін ашып айта алмаймыз», – дейді министр.

Ал осы министрліктің вице-министрі Еділ Оспан қыз балаға дер кезінде психологиялық көмек көрсетілгенін айтты.

«Қыз балаға дер кезінде психологиялық көмек көрсетілді. Ата-анасымен хабардамыз. Отбасылық психологияны қолдау орталығы оларға көмек беріп жатыр. Ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ол отбасының құпиясына байланысты дүние, сондықтан тергеу амалы аяқталған соң, ақпаратты органдар жариялайды. Мектеп жасындағы жас ана оқуын жалғастырады. Нәресте де Қазақстанның азаматы, оның құқығы да заңға сай қорғалады», – дейді вице-министр.

Еске салсақ, шілдеде Павлодар облысының білім беру басқармасының мәліметінше, Шарбақты ауданындағы мектептердің бірінде 12 жастағы оқушы қыз босанған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.