Делегаттар 4 күнде «Bir Tolqynda» диалог алаңының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.
«Жастар рухы» ұйымдастырған республикалық жастар саяси лагерінің ашылу салтанаты өтті
871
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған республикалық жастар саяси лагерінің жұмысы бастау алды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам делегат қатысуда.

Делегаттар 4 күнде «Bir Tolqynda» диалог алаңының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар тек Жастар қанатының қызметін жақсартуға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің дамуына бағытталған экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы тың идеялары мен байыпты бастамаларын ұсына алады.

«Лагерь жастардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Әрбір жас азамат мемлекет ісіне белсенді араласуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастары өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып отыруы қажет екенін атап өткен болатын. Саяси жаңғырту жұмысын жалғастыру үшін тиісті кадрларды даярлау қажет. Жалпы, «Жастар рухының» басым бағыттарының бірі – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жастардың рөлін арттыру», – деді ол.

Бұл ретте, «Жастар рухы» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман лагерь жастар қауымының әлеуетін арттыруды көздейтінін атап өтті.

«Лагерьге қатысушылар – өз өңірлерінің қалыптасқан жас көшбасшылары ғана емес, сонымен қатар ісін жаңадан бастаған белсенділер, сондай-ақ су тасқыны, Қостанай және Абай облыстарындағы орман өрті, Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде және өзге де оқиғалар барысында өздерін танытқан волонтерлер. Бұл – белсенді жастар пікір, тәжірибе алмасатын, патриотизм мен жауапты азаматтық ұстаным қалыптастыратын таптырмас алаң», – деді ол.

Өз кезегінде, делегаттар лагерьдің алғашқы күні алған әсерлерімен бөлісті.

«Республикалық лагерь жастардың мансап жолындағы алғашқы қадамы болатынына сенімдіміз. Мұнда танымал сарапшылар, түрлі саладағы білікті мамандар бізге коммуникация және PR негіздерін үйретіп, саясаттану және отбасылық, қоғамдық қатынастар бойынша арнайы курс ұйымдастырады. Мен осында білімімді жетілдіріп, тың әсер алу және жаңа дос табу үшін келдім», – деді лагерь қатысушысы Алмат Есенбеков.

«Жастар рухы» Жастар қанатының республикалық жастар саяси лагері биыл 21-24 тамыз аралығында өтеді. Психолог Ержан Мырзабаев, саяси кеңесші Назым Жанғазинова, тележүргізуші Әйгерім Есенәлі, журналист Санди Сұлтан және тағы басқа сарапшылар қатысушыларға арнап оқыту семинарларын өткізеді. Сонымен қатар, жас белсенділер Мәжіліс депутаттарының, «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің қатысуымен өтетін диалог алаңына қатысады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.