Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екінші деңгейлі банктердің тұтынушыларға беретін бонустарына шариғатта рұқсат бар ма, жоқ па деген сұраққа қатысты пікір білдірді.
Бонус алу адал ма, арам ба? – ҚМДБ жауабы
1,127
оқылды

Күнделікті тұрмыста банк қосымшасы арқылы немесе банк картасы арқылы төлем жасағанда, жеке шотымызға бонус түсетіні жасырын емес. Осыған қатысты бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз пікірін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Белгілі бір дүкендерде төлем жасаған уақытта, карта иесіне жеңілдіктер беріледі. Бұл – әртүрлі сауда салаларында кездесетін клиент тартудың кең таралған әдісінің бірі. Бұл әдіс экономика тілінде «кэшбэк» деп аталады», – деп жазады ҚМДБ сайты.

Мүфтияттың мәліметіне сүйенсек, шариғатта тыйым салынбаса, бұндай «бонустар» арам пайдаға жатпайды.

«Карта иесіне шариғатта тыйым салынбаған ерекшеліктерді беруге рұқсат етіледі. Мысалы, карта иесіне қызмет көрсетуде артықшылық беру, әуе компанияларында, қонақүйлерде немесе мейрамханаларда бағаны төмендету секілді жеңілдіктер беріледі. Берілген бонустар клиенттерді ынталандыру болып саналады. Клиенттің бір затты сатып алғанда немесе төлем жасаса, картасына түскен бонустарды қолдануына болады», – деп жазады ҚМДБ.

Дегенмен мүфтият бірқатар шарттардың сақталуына мән беру керек дейді.

«Біріншісі, төлем карталары шариғат талаптарына сай болуы керек. Кредит карталарын (Credit Card) пайдаланып, ол үшін бонус алуға болмайды.

Екіншісі, түскен бонус шариғатта тыйым салынған болмауы керек. Мысалы, тыйым салынған жерлерге кіру бонус ретінде берілсе, қолдануға рұқсат етілмейді.

Үшіншісі, бонустың есесіне клиенттен комиссия алынбауы керек.

Төртіншісі, бонус қайтымсыз болуы керек. Егер бонус себепті тауарды қымбат бағамен сатса және клиент бонусқа қол жеткізу мақсатында тауарды сатып алса, құмар болып саналады», – деп түсіндіреді.

Осылайша, мүфтият «осы шарттар сақталса, төлем карталары арқылы түскен бонустарды, жеңілдіктерді қолдануға болады. Ал жоғарыдағы шарттарға сай келмесе, қолдануға болмайды» деген пәтуа шығарып отыр.