Биыл жаңа оқу жылында алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын 382 мың баланың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген. Ал елордада қалалық Білім басқармасының мәліметінше, 1-сыныпқа 28 мың бала барады деп жоспарланып отыр.
Орыс сыныбында оқып жүр талай қазақ баласы
1,390
оқылды

Бүгінге дейін қабылданған 24 мың баланың 62 пайызы қазақ сыныбын, 38 пайызы орыс сыныбын таңдады деген көрсеткіш бар. Мектеп қабырғасына енді ғана қадам басқан қазақ бүлдіршіндер ана тілге қанып өсуге тиіс болса да, ата-ананың таңдауы орыс сыныбына түсуіне себеп не?

Елордада 187 мектеп бар. Оның 110-ы – мемлекеттік, 70-і – жекеменшік, 7-і – республикалық. Бірақ мемлекеттік мек­тептердің 35 пайызы ғана  қазақ тілінде оқытатын білім ордалары. Өкініштісі, көрсеткіш осындай болса да, жыл сайын жалпы білім беретін мектептерде қазақ сыныптары қыс­қарып жатыр. Мәселен, Астана қаласындағы №91 мек­теп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Гүлнұр Ораққызының айтуынша, жыл сайын мек­тепке алғаш қадам басқан балалардың 80 пайызы орыс сы­ныбына қабылданады. Бұл – ата-аналардың таңдауы. Балабақшадан орыс тобына барып, ана тілімізге шорқақ өс­кен балаға оңайырақ болу үшін мектептегі орыс сы­ны­бын таңдайды. 

– Балалар саны күнделікті өзгеруде. Баласына басынан-ақ ана тілін үйретпеген ата-ана ертеңгі күні балаларына үй тап­сырмасын орындауға көмектесе алмайтынынан қорқады. Сондықтан балаға да қиындық тумасын деген оймен бірден орыс сыныбын таңдап жатыр. Биыл жаңадан ашылған сыныптарды қоса санағанда былтырғыдан 5%-ға өзгеріс бар, бірақ балалар санына келгенде, әлі де 20%-ы ғана қазақ сыныбын таңдап отыр. 2-сыныпта бала саны аз болғандықтан, бір қазақ сыныбы қысқартылды. Қазақ сыныптарында Өрлеу, т.б. курстар, жаңартылған бағдарламалар арқасында жақсы өзгеріс көп, бірақ әлі де жетіспеушілік тұстары бар. Өзім қазақ және орыс сыныптарына сабақ бергендіктен, салыстыра аламын. Орыс сыныбының үштікке оқитын баласы да ойын ашық жеткізе алады, ал қазақ сыныптарында, әсіресе бас­тауышта, «Тек сұраққа ғана жауап бер» де­ген сөз  естиді немесе бала өз ойын айт­са, кейде қабылдана бермегендіктен, мұғалімнің айтқанымен ғана ойлау қалып­тасқан. Менің ойымша, ол шынайылықтың түбін жою болып есептеледі. Қазақ сыныбы­ның тәртібі орыс сыныбымен салыстырғанда өте  жоғары, мейірімді, жанашыр, қазақилық бар. Бірақ интеллектуалдық, жаңа идея, шығармашылық, еркін ойлау қабілеті жағынан үнемі төмендеу болып тұратыны байқалады. Биылғы оқу жылын мектепте  екі қазақ сынып – 42, екі орыс сынып – 63 түлек аяқтады, – деді ол. Демек, орыс сыныбын­дағы оқушылар саны әу баста-ақ көп болған. 

Бұл жағдай еліміздің Солтүстік өңірінде де күрделі мәселеге айналғаны қашан. Білім берудегі тіл мәселесінің түйіні – тар­қамаған түйткілдің бірі.  Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 454 мек­теп болса, оның 112-і қазақ, 246-сы орыс, қалған 96-сы – аралас мектептер. Облыс орталығындағы үш орыс мектебінен қазақ сыныптары ашылғанымен, бала саны толмағандықтан, қайта жабылып қалған. Бір қызығы, балаларын орысша оқытатындардың көбі –қазақтар. Мұстафа Шоқайдың «Баланы қай тілде тәрбиелесең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дегені бар. Биыл 1-сыныпқа қадам басқан оқушының анасын әңгімеге тарттық. Ол баласын Башмачин атындағы жалпы білім беретін мектептің орыс сыныбына бермек. Айтуынша, орыс сыныбында оқитын балалар зерек келеді екен. Әрі қазақ сыныбы аз болғандықтан, алдағы уақытта оның жабылып қалуынан қорқып, баласының сабағына кері әсер етуіне алаңдайды.

«Мектеп табалдырығын алғаш аттау – бала болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан баламның сабағын басынан қиындықпен басталғанын құптамадым. Ұлымызды балабақшада да, мектепалды даярлықта да орыс сыныбына бердік. Бір себебі, орыс сыныбы балама еркіндік ту­дыр­ыпты, қазақша қиналады. Өз ортасында қиналып, сабағынан артта болғаны қай ата-анаға ұнасын? Оның үстіне, қазақ сыныбына қарағанда орыс сыныбындағы балалар зерек, пысық келеді деп ойлап қоямын. Оны қоғамнан көріп те жүрміз. Ең бастысы, үйде қазақша сөйлейміз, беретін тәрбиеміз де қазақша. Сондықтан баламның орыс сыныбына баруына отбасымызда ешкім қарсы болмады. Қазақ сыныбына қабылданғанның өзінде ол жабылып қала ма деп уайымдаймын. Был­тыр бала саны жетпегендіктен, жабыл­ған сыныптар болды», – дейді ата-­ана Гүл­жан Ғабитқызы.

Бүгінгі жас ұрпақ – тәуелсіз елдің са­насы азат жастары. Ол үшін мектеп қабыр­ғасында жүріп-ақ қазақ тілінде білім алуы керек. Бірақ тіл жанашыры, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан қазақ тіліндегі оқулықтарға көңілі толмайтынын, әлі де олқылықтардың бар екенін айтты. 

«Баласын орыс сыныбына беретін отбасылар әр қалада бар. Көптің арасында орыс сыныбына барған бала ширақ, за­манауи маман болады деген сыңаржақ пікір бар. Ал оқулықтың жағдайына келсек, қазақ тілінде жарық көрген оқу құралдарының сапасы мақтарлықтай емес. Бұл тақырып айтылып та жүр. Жаратылыстану, математика бағытындағы оқулықтар мазмұны қай сыныпқа болса да мазмұны жағынан ұқсас. Мұндағы мәселе –  гумани­тарлық бағыттағы, тілге қатысты оқулық­тардағы олқылық. Кітаптардың сапасына көңілім толмайды. Әдебиет оқулығында көркем шығарма саны аз, бір жылда санаулы ғана еңбекпен танысады. Бұл оқушыны жалықтыратыны сөзсіз. Екінші мәселе, қазақ тілі оқулығына грамматиканы қайта әкелу керек. Грамматикасыз тілді түсіндіру мүмкін емес. Қазақ тілі пән­індегі негізгі мақсат – баланы тілдік қар­ым-қатынасқа үйрету. Құрғақ мәтінмен тілді толық үйрету мүмкін емес. Бұл менің ғана емес, тілге жанашыр барлық маманның бір арнаға тоғысқан ойы. Қазір мұғалімдердің де әлеуеті жақсы деп айта алмаймын. Балабақшадан қазақша білмей келген бала орыс сыныбына баруға міндетті емес. Оған мұғалім сабақтан тыс үйретуі мүмкін. Бірақ оны екінің бірі істемейтіндіктен, әркім өзіне оңай жұмысты мақұлдап отыр», – деді тіл жанашыры Ж. Жақан.

Соңғы бес жылдағы статистикаға назар салсақ, өткен 2019 жылы мектеп табалдырығын аттаған 391 мың баланың 247 мыңы, яғни 63 пайызы қазақ сыныбына барыпты. Ал өткен 2023 жылы 350 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттаса, оның 71,2 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Осы аралықта қазақ мектебіне барған балдырғандардың қатары 8 пайызға өскен. Ата-ана баласын қазақ сыныбына бере ме, орыс сыныбына бере ме, әрине өз еркі. Алайда қазақ баласының мектептегі білімі де қазақ тілінде болса ғой дейсің. Қоғам белсендісі Асыл Қуанышбекқызы орыс мектебінде оқыған қазақ балалары қазақ тілінде сөйлей білгенімен, ұлттық салт-сананы, қазақ құндылықтарын білуі жағынан қазақ мектебінде оқығандардан әлдеқайда кемшін болатынын айтады. Сонымен қатар бала қандай мектепте оқыса сол ұлттың өкіліне тән ділін, мәдениетін санасына сіңіретінін де негізге алды.

Қазақ қара домалақтарын орыс сыныптарына беру бүгінде үлкен қателік екенін қоғам да ата-аналарға ұқтыруға атсалысса екен дегіміз келеді. Ұлтқа қызмет ететін азаматқа өз ана тілінде білім алуына жағдай жасауға отбасының да рөлі айрықша.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ