Сондай-ақ ол заңсыз түрде зиянды бағдарламалар жасауға үйрету бойынша өз қызметтерін сатқан.
Қостанай облысының тұрғыны интернетте вирус таратқаны үшін сотталды
546
оқылды

Қостанай облысының тұрғыны интернетте зиянды бағдарлама таратқаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қостанай облысы бойынша ҰҚКД және ПД облыстық прокуратураның үйлестіруімен интернет желісінде зиянды бағдарламаны (вирустарды) таратумен айналысқан 24 жастағы жергілікті тұрғынның заңға қайшы әрекеті тоқтатылды.

– Зиянды бағдарлама интернет пайдаланушылардың жеке деректерін (логиндер, парольдер, IP-мекенжайлар) алуға мүмкіндік берді. Оларды интернет-алаяқтар қылмыстық жолмен пайда табу үшін қолдана алады, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу материалдары қаскүнемнің заңсыз түрде зиянды бағдарламалар жасауға үйрету бойынша өз қызметтерін сатқанын куәландырады.

Nº2 сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 210-бабы  1-бөлімінде ("Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату") көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке және 15 АЕК (55 380 теңге) айыппұл салуға, барлық компьютерлік техниканы алып қоюға үкім шығарылды.

Үкім заңды күшіне енді.