Үшемдердің екеуі – ұл, біреуі – қыз.
Бағым, Аңсар, Аслан: 28 жастағы кентаулық келіншек үшем босанды
Фото: Кентау қаласы әкімдігі
1,837
оқылды

Кентау қаласы Хантағы ауылының тұрғыны Бақытгүл Саттархан үшемді дүниеге әкелді. Бұған дейін бір баласы бар Ермахановтар отбасында енді төрт бала болды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, үшемдердің екеуі  ұл, біреуі  қыз. Оларға Бағым, Аңсар, Аслан есімдері қойылды. Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 29 аптасында дүниеге келді. Олардың бірінің салмағы 1.480 грамм болса, екіншісінікі  1.380 гр,  үшіншісінікі 1.280 гр.


Шала туылған нәрестелерді дүниеге келе сала 2 айға жуық тексеру, күтіп-баптау жұмыстары дәрігерлер тарапынан барынша жіті бақыланып, қолға алынған. Қазіргі уақытта балалардың да, анасының да жағдайы жақсы.

28 жастағы Бақытгүл Саттархан және жұбайы 31 жастағы Ерлан Ермаханов тұңғыштарын 6 жыл күткен. Араға бір жыл салып үшемдер туылған. Олардың бұдан бөлек 2 жасар Асылым атты қыздары бар.

Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова үшемдердің шаңырағына барып, қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, сәбилерге арналған сыйлықты табыс етті.

Жалпы, жыл басынан бері Кентау қаласында 765 сәби дүниеге келген. Оның 18-і егіздер болса, үшемді дүниеге әкелген бір ана.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.