Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты.
Жас көшбасшылар: АЭС құрылысы – елдің тұрақты дамуының кепілі
837
оқылды

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысы Нысанбек ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосты.

Мәжіліс спикері жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін атап өтті. Ол бүгінде мемлекет жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ партия төрағасы «Жастар рухы» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды.

Қатысушылар елімізде АЭС салу мәселесін жеке талқылады. «Жастар рухының» белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.

Мәжіліс төрағасы жастар өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.

– Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет, – деді Е.Қошанов.

Ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақстандағы энергияның 80% жуығы көмір арқылы өндіріліп, атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екенін айтты.

– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұның бәрі немен жұмыс жасайды? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да, білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.

«Жастар рухы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров АЭС пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70%-ын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.