Мәжілістің Заңнама және сот-құ­қықтық реформа комитетінің төрайымы, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облы­сындағы «Барбастау – Ақжайық – Индер» тасжолын қалпына келтіру жұ­­­мыстарының барысымен танысты.
Жол құрылысы сапасы –  Мәжіліс бақылауында
781
оқылды

Батыс Қазақстан облысында бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайдағы үлесі 73 пайыз, ал жер­гілікті маңызы бар жолдардың үлесі 52 па­йыз. Мәселені шешу үшін биыл жалпы сомасы шамамен 85 миллиард теңгеге 576 шақырымнан астам барлық көлемдегі жолды жөндеу жоспарланған. Атап айт­қанда, «Барбастау – Ақжайық – Индер» тасжолын қайта жаңғыртуға 8,3 млрд теңге қарастырылған. Мердігерлер жыл соңына дейін жолды пайдалануға беруі қажет. Осы орайда депутат Снежанна Имашева жүріліп жатқан жұмыстардың сапасын тексерді.

«Жергілікті тұрғындар әкімдік пен пар­тияның облыстық филиалына жол сапасына қатысты негізгі шағымдарымен бірнеше рет жүгінген. Жөндеу жұмыстары жүріп жат­қан жолдың беті біркелкі емес, шұң­қырлары бар. Сондай-ақ жол жамыл­ғысының за­қым­да­нуына су тасқыны да әсер етті. Сайлау нау­қаны кезінде партия жол­дарды салу мен жаңғыртуға уәде берді. Өңірлерге ісса­парлары барысында депу­таттар сай­лауалды бағдарламаның орындалуын қадағалайды. Біз мердігерлердің жобаны уақытында тапсыруын бақылауға алатын боламыз. Жал­пы, сайлауалды бағдарламамыз аясында облыста 2027 жылға қарай 700 шақырым жол жөнделеді, – деді С.Имашева.

«Барбастау – Ақжайық – Индер» бағыты Орал қаласын сегіз елді мекенмен ғана емес, Атырау облысымен де тікелей байланыс­тырады деп жоспарланып отыр. Жобаға түзетулер енгізілгеннен кейін жұмыс қайта басталды және жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Жаңа жолды асыға күткен жергілікті тұрғындар құрылысшыларға сын-пікірлерін де білдірді.

– Жолда екі көлік қарсы келе жатқанда, шаң көтеріліп, бағаналар көрінбей қалады. Салдарынан арттағы көліктер апатқа ұшы­рауы мүмкін. Сондықтан су сеуіп отыру керек. Ал егер жауын жауса, мұнда көліктер тұрып қалады. Тым болмаса қазір осы жерге қиыршық тас төгіп берсін, – дейді Шағатай ауылының тұрғыны Бауыржан Айбеков.

Нысанның бас мердігері – Uniserv компаниясы. Оның директоры Дінмұхаммед Сәтбаев қиындықтарға қарамастан жол биыл жыл соңына дейін аяқталады деп сендірді.

Бұған дейін облыста 2019-2023 жылдар аралығында мың шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде, нормативтік деңгей 28-ден 52 пайызға дейін көтерілді. Сондай-ақ 900 шақырымға жуық аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдар жөнделді.