Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілердің ұлт саулығына қатер төндіретін кесел екенін алға тартқан еді.
Вейптен келер қауіп көп
813
оқылды

Мемлекет басшысының сөзінше, вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Бұл қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылданып, арнайы заң да шықты. Бірақ вейп қолданатындар әлі де бар.

Алматыда 10 мыңнан астам вейп тәркіленген

Қазір әлем нарығында 30-дан астам мемлекет темекі түрлерін саудалауға заң жүзінде тыйым салған. Дегенмен елімізде вейп айналымына шектеу қоятын рес­ми құжат қабылданса да, көз­дегенін іске асырып, зиянды вейп­ті емін-еркін сау­далап жүр­гендер табылады. Мәселен, биыл Алматы қаласында бір айдың ішінде 10 мыңнан астам вейп тәркіленген. Қазір құзырлы ор­гандар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде заң негізінде шектеу қойылған өнімдердің таралуына және тұтынушыларға сатылуына жол бермес үшін ба­қылау орнатылғанын жеткізді. «Киберпол» қызметкерлері элек­тронды темекіні заңсыз сатумен айналысқан бес адамды ұстады. Аталған жағдайға қатысты Ал­маты қалалық ПД крими­­налдық По­лиция басқар­масы қыл­мыс­тық із қоз­ғалғанын мә­лімдеді. 

– Заңсыз айналымнан әртүрлі өн­дірушінің 10 мыңнан астам бірреттік электронды темекілері тәркіленді. Әрбір жағдай бо­йынша тергеу әрекеттері жүр­гізілуде. Сатушылар мен осы өнімдерді жеткізумен айна­лыс­қан тұлғаларға қа­тысты Қазақ­стан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің 301-1- бабы бойынша темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін, хош иістен­діргіштер мен сұ­йық­тықтарды өткізгені және таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды, – деді Ал­маты қалалық ПД Кри­ми­налдық полиция басқар­масының басшысы Мақсат Қа­напяев. 

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының 2022 жылғы «Қа­зақстанның балалары мен жас­өспірімдерінің ден­саулығын, әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» зерттеуінің нәти­же­сінде 11-15 жас аралы­ғындағы жасөспірімдердің 9,8 пайызы вейпті жиі тұтынатыны белгілі болған. Сондай-ақ зерттеу қоры­тындысы бірнеше жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсу байқал­ғанын көрсетіп отыр.

Бүгінге дейін түйіні тарқа­маған мәсе­ленің қоғамдық тал­қыға салынып, көптің ұлт бола­шағына алаңдаушылығын ту­­­ғы­­­­­зуының арқасында көп ұза­май Қазақстанда вейп қол­дануға ресми түрде тыйым са­лынды. Сан мәрте талқыға түс­кен заң не­­гізінде енді вейп сату арқылы саудасын қыз­дырып, қалтасын қам­пайт­қандар жаза­ланады. 

Қауіпті бәлекетке ұрынуға себепші – орта

Алматылық Айсұлу Жәні­бекқызы жас­тардың вейпке құ­мартып, үлкен кеселге ұры­нуына ықпал ететін – адамның өз орта­сы екенін атап өтті. Кейіп­кері­міздің айтуынша, оның өмі­рінде де электронды темекінің дәмін татып көруге шақырған адамдар кездескен.

– Қазір электронды темекіні көшеде кем дегенде екі жастың қолынан көре­тініміз анық. Өзі­міздің дос-жарандарымыз, құр­дас­тарымыз оның зиян еке­нін білмей, қалыпты жағдайда тұ­тынуды әдетке ай­налдырған. Өкі­ніштісі, біздің өзіміз де бұл қауіпті құбылысқа үйреніп бара жатқан сыңайлымыз. Сіз өзіңізге таныс емес зат­тың дәмін татып, қолмен ұстап көр­ме­сеңіз, оған тәуелділік пайда болмайды. Оның дәмін татуға итермелейтін маңызды фактор – орта. Өз басымнан мұндай жағдай өтті. Былтыр танысым маған вейп шегуді ұсынды. Бірақ мен ұсы­нысынан бас тарқан кезде «Саған вейпті өзім сатып алып берейін, дәмін байқап көрсеңші. Бағасы да аса қымбат емес» деді. Сол уа­қытта вейп орташа бағада 2 500-3 000 теңгеден басталады екен. Мен саналы түрде бас тарттым. Айтайын дегенім, жас­өспірім кез келгеннің айдауына көніп, теме­кіні шегіп көрместен бұрын өзін-өзі ақпаратпен қамтамасыз етсе екен дей­мін, – дейді А. Жәні­бекқызы.

Онымен қоса, Айсұлу таяуда пойызда өз көзімен көрген тағы бір оқиғаны айтты. Оның сө­зінше, діттеген жеріне кетіп бара жатқан жолаушылардың ара­­сында бір жігіт вейп шексе, қа­сындағы достары қолындағы вейпті кезекпен пай­даланған. Ал денсаулық сақтау сала­сын­дағы мамандар бір вейпті бірнеше адамның қолдануы туберкулез, гепатит және тағы басқа ауру­лардың таралуына себеп бола­тынын айтады. 

4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығады

Денсаулық сақтау ми­нис­трлігінің дерегіне сүйенсек, өкпе қатерлі ісігінің пайда болуына электронды шылымды пайда­ланудың әсері мол. Елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық азамат өкпе қатерлі ісігіне шалдығады. Жас­тар бұл кесапатқа неге үйір? Вейп адам өмірі үшін қан­шалықты қауіпті? Оның құрамында қан­дай зиянды заттар бар? Осы және өзге де сауалдарымызды дәрігер-терапевт, дие­толог, герантолог Әсемгүл Саятқызына қойып көр­ген едік. 

– Хош иістендіргіштер мен ауыр ме­талдар ішкі секреция бездеріне кан­це­рогендік әсер етеді. Бұл – өсу, даму, көбею, бе­йімделу және мінез-құлық про­цестерін қамтамасыз ететін жо­ғары биологиялық белсенділігі бар гормондар. Вейп, әсіресе жасөспірімдік шақта, дене әлі өсіп келе жатқанда және мұндай стреске тап бол­маған кезде қа­уіпті. Мен үнемі науқастарға вейптен бас тартуды ұсынамын. Егер науқаста қант диабеті болса, вейпинг жүйесін пайдалану – аурудың неғұрлым ауыр ағымы­ның қосымша факторына айна­лады. Электронды темекіні не­­ме­се вейпті шегу кезінде бөлі­нетін будың құрамында қауіпті заттардың 30-дан астам түрі болады. Мысалы, про­пилен­гликоль ағзада жиналып, аллер­гиялық реак­ция­ларды, іріңді процестерді, сондай-ақ ба­уыр мен бүйректің бұзылуын туды­рады. Про­пиленгликоль мен глицериннің тер­миялық ыды­рауы кезінде тыныс алу мү­шелері мен орталық жүйке жүйесі за­қымдалып, мутагендік процестер да­миды, – дейді маман.

Электронды темекідегі аэрозоль қауіпті

Беркли университетіне қа­расты Лоу­рен атындағы ұлттық зертхана маман­дары тәтті дәмі мен хош иісі арқылы жас­өспі­рімдердің қызығушылығын оя­татын вейптен уытты заттар бө­лінетініне көз жеткізген. Әсемгүл Байкенова вейпті жиі тұтыну бауыр мен бүйрекке, жүй­ке жү­йесіне орасан залал келтіретінін негізге алды. 

– Вейпті жиі қолданудың нәтижесінде тәуелділік қаупі ар­тады. Алкогольге деген қызы­ғушылық жоғарылайды. Хош иіс­тендіргіштер де аллергиялық реак­ция­ларды тудырады, соның ішінде бронх демікпесінің дамуы. Электронды теме­кілердің аэро­зольдары қауіпті, себебі олардың құрамында металдар, әсіресе никель мен қорғасын бар. Олар жүйке, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту, жүрек-тамыр және экс­креторлық жүйелерді за­қым­дайды. Вейптің құрамында ни­котин болмаса да оларды темекі өнімдерімен теңестіруді және қоғамдық орындарда наси­хат­тауға және пайдалануға ты­йым салуды заңмен бекіту – ұлт ден­саулығын жақсартуға бағыт­талған ақылға қонымды қадам екені сөзсіз, – дейді дәрігер-тера­певт Ә. Байкенова.

Біз көтеріп отырған мәселе Қазақ­станда ғана емес, әлемнің әр қиырында орналасқан өзге мемлекеттерде де өзекті. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы хош иістендіргіш заттарды қол­данып қана қоймай, оның ашық түрде жүргізілетін жарнамасына да тыйым салыну қажет дейді. Мамандар вейпті «темекі тастауға көмектеседі» деген пікірдің ғы­лы­ми тұрғыда шындыққа сәйкес келмейтінін, тіпті осы күнге дейін еш жерде дәлел­денбегенін айтып жоққа шығарады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы