Құмалақ

Кабинетіме бір құмалақ кіріп келді. Кәдімгі қойдың қара құмалағы.

– Амансыз ба бəсеке, – деп тіл бітті. Шошып кеттім. Құмалақ та сөйлейді екен. 

– Саған не керек? 

– Ештеңе керек емес, тек мені кабинетіңізге столдың үстіне қойып қойыңызшы, – деді жалынып.

– «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген бар, – дедім.

– А, ол басқа құмалақ. Мен таза құмалақпын, – деп домалап алдыма келді. Майға піскен шемішкідей жылтырап тұр. Көңілін қимадым столдың үстінен орын бердім. Арада бірталай күндер өтті. Бір күні бір қызметкерім келіп, «кабинетіңізден жаман иіс шығады» дейді. Бірден ойыма құмалақ сап ете қалды. Қарасам орнында жоқ екен. Содан қарамаған жерім жоқ таба алмадым. Түстен кейін əкімшілікке жиналысқа бардым. Жиналыс жүргізіп отырған басқарма бастығы мұрнын басты. Ол кісінің жаман иіске аллергиясы бар еді. 

– Құрметті əріптестер осымен жиналыс бітті, – деп қысқа қайырды. Директорлар бəріміз бір-бірімізге күдікпен қарадық. Иіс жақын маңнан аңқып тұр. Сүйтсем, əлгі қара құмалақ менің құйрығыма жабысып алыпты. Жүгіріп əжетханаға бардым. 

– Түс! – дедім құмалаққа айқайлап. 

– Неге? 

– Сен жаман иіс шықпайды дегенің қайда? 

– Сізде қызықсыз, құмалақтан жаман иіс шықпағанда хош иіс шығу керек пе? – деп менімен ұрыса кетті. 

– Менің құйрығыма қашан жабысып алдың?

– Біраз уақыт болды, – деді құмалақ шіреніп. Құмалағым бұрынғыдай емес өзгеріп кетіпті. Бəсе, соңғы кездері неге сасып кеттім десем. Мынау екен менің ауа райымды бүлдіріп жүрген...

– Менің ізімді бағып жүр екенсің ғой деп құмалақты шап беріп ұстап алып, əжетхананың ішіне салып ағызып жібердім. Құмалақ өз орнын тапты. Ал мен болсам қолымнан құмалақтың жаман исін кетіре алмай біраз əуреге түстім. Жерге жатып алып қолымды еденге үйкелей бастадым. Бір кезде «ағай» деген қатты дауыс шықты. Масқара, шошып кеттім. Сүйтсем түсім екен. Кабинетте отырып қалғып кетіппін. Хатшы қыздың оқыс дауысынан оянып кеттім.

– Құмалақ қайда? – дедім сасқанымнан.

– Ағай, қайдағы құмалақ? – деді қыз таңданып. Есімді жиып жерден ұшып тұрып қолымды иіскедім. 

– А, тоғызқұмалақ ойнау білесің бе дегенім ғой деп сөзді бұрып жібердім. Хатшы қыз аң-таң болып шығып кетті. Түске де кірмейтін пəле жоқ екен. Бұл құмалақ не болды екен? Əйтеуір құтылдым. Түсімді жорып беріңздерші...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН