ШҚО орталығының үш тұрғыны құқық қорғау органдарына шағымданды.
Өскемен тұрғыны алаяқтық жолмен таныстарының атына бірнеше несие рәсімдеген
1,069
оқылды

Оларға кенеттен түрлі микрокаржы ұйымдарынан несиелер бойынша төлемдердің кешіктірілгені туралы хабарламалар келе бастаған. Бірақ арызданушылардың ешқайсысы бұл ұйымдардан несие алмаған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Зардап шеккендерден оларға материалдық шығын келтіруі мүмкін кім деп күдіктенетіндері сұралғанда, үшеуі де жеке және банк деректеріне қол жеткізе алған таныс бір жас жігітті көрсеткен. Екеуіне ол онлайн-казинодан ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесуді сұрап келген. Ал үшінші алданған әйелді бұл әккі жігіт қарыз рәсімдеуге көндіріп, қарызды тез арада қайтарамын деп уәде берген. Кейін әйел өз атына бір емес, бес несие рәсімделгенін анықтады. Бірақ бірде-бір қарыз қайтарылмаған.

Зардап шеккендердің барлығы танысының табанды уәделеріне сеніп, олар көрсеткен қаржылық процедураларды орындау үшін қажетті биометриялық тексеруден өз еріктерімен өткендерін айтты. Осыны пайдаланған алаяқ біреудің есебінен байып, жалпы сомасы миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.

Алаяқтың аты-жөні мен тұрғылықты жері оның құрбандарына белгілі болғандықтан, жас жігіт жедел түрде қамауға алынды. Құқық бұзушы үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар  ол оған қарсы азаматтық талап қойған екі зардап шеккен адамға келтірілген залалды толығымен өтеуге міндетті.