Оның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде азаматтарға 60 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдікті Ресейден экстрадицияланды
534
оқылды

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бас прокуратураның мәліметінше, 2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, банк клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген.

Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті несие қаражатын достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған.  

– Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 млн теңге көлемінде залал келтірілген.  

Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

Биыл сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды, содан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада. 

Аталған қылмысты жасағаны үшін оның мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, биыл қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.