Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.
Шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек - Тоқаев
Фото: Ақорда
3,241
оқылды

Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты,  деп хабарлады Ақорда. 

– Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету керек екенін айтты.

– Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.