Мөрлеу рәсімі ресми түрде ұйымдастырылды.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған мерейтойлық пошта маркасын таныстырды
632
оқылды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында «Қазақстанның мәдениеті мен спорты» аясында мерейтойлық пошта маркасын арнайы мөрлеу рәсімі өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл оқиға – көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын құрметтейтін және бағалайтын барлық жан үшін маңызды іс-шара.  

Мөрлеу рәсімі ресми ұйымдастырылды. Іс-шараға V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова арнаулы пошта мөрімен мөрлеу рәсімін жүргізді.  

Рәсім барысында ДКО дирекциясының басшысы Наиль Нұров бүгінгі іс-шараның маңызын атап өтіп, оның мәдени мәніне ерекше тоқталды.   

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – спорттық іс-шара ғана емес, біздің дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен бірегей байланыс. Мерейтойлық пошта маркасын шығару – біздің өткенімізге деген мақтаныштың және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымыздың символы. Бұл бастаманың адамдарды біріктіріп, көшпенді халықтың мәдени дәстүрін сақтауға, дамытуға шабыт беретініне сенеміз», – деді ол. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арналған мерейтойлық пошта маркасы бірегей филателиялық өнер туындысы саналады. Марканың авторы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының маркетинг бөлімінің басшысы Серік Буксиков. Маркада ежелгі дәстүрдің сақтаушысы «Бүркітші» бейнеленген. Ол табандылық пен адамның өзіне деген адалдықты бейнелейді. Марканың орталық элементі – көшпенділер философиясында жүзеге асырылған өмірдің айналымы мен уақыт пен кеңістіктің бірлігін бейнелейтін гофрленген шеңбер. 

Оған қоса, «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова: «V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында мерейтойлық пошта маркасын шығару – тек біздің мәдени мұрамызға деген құрмет белгісі  емес, сонымен қатар көшпенді халықтардың дәстүрін сақтау мен насихаттауға қосқан елеулі үлесіміз. Біз мәдени диалогтің дамуына және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға өз үлесімізді қоса алатынымызды мақтан тұтамыз», – деді. 

Бұл пікір V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының терең мәдени маңызын және мерейтойлық марканы шығарудың символдық мәнінің орны ерекше екенін көрсетеді. 

Марка тиражы 5 000 дана, номиналды құны – 500 теңге. Ультракүлгін бояумен және алтын фольгамен бедерлеу арқылы қорғаныс элементтерін қолдана отырып жасалған марка кез келген коллекцияның ажырамас бөлігіне және көшпенді халықтардың мәдени мұрасына деген құрметтің символына айналады.  

Айта кеткен жөн, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Әлемдік додаға 89 елден 2 800-ге жуық қатысушы келеді деп күтіліп отыр. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың 21 түрі бойынша 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.