Акция барысында 30 оқушыға мектеп формасы мен оқуға қажетті кеңсе тауарлары таратылды.
«Баланы мектепке даярлайық» акциясы – Сайрам ауданында
435
оқылды

«AMANAT» партиясы жаңа оқу жылы қарсаңында «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын бастағаны белгілі. Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған іс-шара Сайрам ауданында жалғасты,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев,  партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов,  аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымы өкілдері мен бірқатар ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім  басшылары  және демеушілер қатысты. 

Басқосу барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы бүгінгі білім көкжиегін кеңейту бағытында биік белестерден көрінуіміз білімді жастардың арқасы екенін айрықша атап өтті. Жаңа оқу жылына сәттілік, тың бастамалар мен жарқын жетістіктер тіледі. Акция барысында 30  оқушыға мектеп формасы мен оқуға қажетті кеңсе тауарлары таратылды. 

Жиын соңында ата-аналар мен оқушылар аталмыш шараны жыл сайын дәстүрге айналдырып, көптеген игі істерге бастамашы болып келе жатқан партиялық ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев одан соң  аудан әкімінің орынбасарлары Мадияр Оразалиев, Мадияр Алиповпен бірге аудандағы құрылыс жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Аудан орталығындағы Абылайхан көшесіндегі абаттандыру шараларын көріп, «Ынтымақ» саябағын қайта құру, «Арбат» құрылыс нысаны жиектерін жасыл желекке жамылдыру мәселелерін талқылады.

Назгүл Назарбек, Түркістан облысы