Партияның «Qaisar» әскери-патриоттық жобасымен үйлесім тапқан бастамамызды әрі қарай жалғастырып, ел қорғау ісін әр азаматтың қасиетті борышы ретінде ілгерілететін боламыз.
Отанға қызмет – ерге міндет!
567
оқылды

«AMANAT» партиясы алға қойған мақсаттарына қол жеткізуде, қоғамның қозғаушы күші саналатын жас буын өкілдерімен өзара іс-қимылдың тиімді арнасын түзіп жатқаны белгілі. Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буынын тәрбиелеуде партияға үлкен сенім артылғаны да айқын.  

Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде, әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс екенін айтты, туған елге құрмет жалынды сөзден емес, жасампаз істен көрінуі қажет екенін білдірді.  Жаңа заманның жақсы қасиеттерін меңгеріп, мемлекеттік мүддені бәрінен биік қоюға шақырды. Туған халқыңа қызмет жасаудан артық бақыт жоқ екенін айта отырып, мемлекеттілігімізді сақтаудың басты кепілі болуға үндеді.

Мемлекет басшысы айқындап берген, партияның бағдарламалық құжаттарында көрініс тапқан осы құндылықтарды нақтылы іске асыруда, осыдан біршама уақыт бұрын партияның Түлкібас аудандық филиалы тұрғындардың басын қосып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер құрылымдарындағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуларына мүмкіндік беретін алаң ашқан болатын. Кездесуге еліміздің әр қиырында орналасқан әскери бөлімдердің жауапты өкілдері келіп, өздерінде бар бос жұмыс орындарын таныстырды. Келісімшарт бойынша әскери міндетті өтеудің талаптарын түсіндірді. Отан қорғауға ант берген азаматтарға мемлекет тарапынан кепіл берілген қолдаулар жөнінде ақпар беріп, офицерлік лауазымдарға жұмысқа тұруға қойылатын шарттарды түсіндіріп берді.

Аманаттық өкілдер, аудандық қорғаныс істері бөлімімен бірлесе, жасы 35-ке толмаған, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылу жағдайына талдау жүргізген. Нәтижесінде, осы санаттағы 278 азаматтың ішінде 70 адамның тұрақты жұмысы жоқ екенін анықтаған. Әскери дайындықтан өткен, нағыз ердің ері атқаратын кәсіптің қыр-сырын меңгерген, Қазақстан әскерлері мен әскери құралымдарының ережелерін білетін, мінезінде қайраты, бойында талабы бар азаматтардың жұмыс таппай сенделіп жүргені – баршамыз назарға алуымыз керек өзекті мәселе. 

«AMANAT» партиясының Түлкібас аудандық филиалы қоғамда бар проблемалық түйткілдің шешім табуына үлес қосуда аудандық қорғаныс істері бөлімімен бірлесе республиканың әр өңіріндегі әскери бөлімдер мен гарнизондардың басшылықтарымен хабарласып, аудан тұрғындары үшін пайдалы кездесудің өтуіне ұйытқы болды. Мемлекеттік және қоғамдық мәні бар маңызды жүздесуді өз деңгейінде атқаруға аудан әкімдігі, мансап орталығы, аудандық жастар ресурстық орталығы, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі қолдау білдірді.

Көп болып атқарған бастамамыз, бүгінде оң нәтижесін беруде деп қуанышпен айта аламыз. Осы кездесудің нәтижесінде түлкібастық жауынгер Дінмұхаммет Әлмаханұлы Жамбыл облысы, Бауыржан Момышұлы аулындағы №91678 әскери бөлім командирінің бұйрығымен артиллериялық батареяның механик-жүргізушісі лауазымына тағайындалып, келісімшарт бойынша әскери қызметші болып жұмысқа тұрды.

Партияның «Qaisar» әскери-патриоттық жобасымен үйлесім тапқан бастамамызды әрі қарай жалғастырып, ел қорғау ісін әр азаматтың қасиетті борышы ретінде ілгерілететін боламыз.

Алтынсары Үмбетәлиев, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты