«AMANAT» партиясы жаңа оқу жылы қарсаңында «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын өткізуде.
«AMANAT» партиясы балаларды 1 қыркүйекке даярлауға атсалысып жатыр
499
оқылды

Осымен 15-ші мәрте өткізіліп отырған акцияның басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды 1 қыркүйекке дайындауға көмектесу. 

Акцияға партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және ұрпақ болашағына бей-жай қарай алмайтын азаматтар қатысуда. Ел аумағындағы бірнеше мың бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына арналған жиынтықтар алады деп жоспарланып отыр. Яғни, оларға мектеп формасы, оқулықтар мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар ұсынылады.

Мәселен, Жамбыл облысында партиялықтар 3 мыңға жуық баланы мектепке даярлауды көздеп отыр. «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, әр бала жан-жақты қолдауға лайық.

«Балалардың алаңсыз білім алуына қолдау көрсету – біздің ең үлкен парызымыз. Әр бала 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын сеніммен аттай алуы үшін күш біріктіруіміз керек. Ел ертеңі балаларымыздың білім алу құқығын қаншалықты қамтамасыз ете алуымызбен тікелей байланысты», – деді ол.

Айта кетейік, былтыр Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2550 оқушыға негізделген 5 жаңа мектеп салынды, 3 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, Меркі ауданы Меркі ауылында 300 орындық балалар музыка мектебі пайдалануға берілді. 2024 жылы 5000 орындық 9 мектеп салу жоспарлануда.

Ал Шымкентте қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының атсалысуымен 1000-нан астам балаға мектепке қажет керек-жарақ жиынтықтары табысталды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаевтың айтуынша, балалар мектепке шын қуанып, көтеріңкі көңіл-күймен баруға тиіс.

«AMANAT» партиясының белсенділері осындай акцияны Атырау қаласында да ұйымдастырды. Оқу жылы қарсаңында сыйлық жиынтықтарын алуға ата-аналарымен бірге, балалары да келді. Оларға мектеп формасын, оқу құралдарын сатып алуға арналған 20-100 мың теңге аралығындағы сертификаттар табысталды. Барлығы 300-ге жуық бала осындай сертификаттар иеленді. Акцияға депутаттық корпус пен жергілікті бизнес-қоғамдастық жұмылдырылды.

«Мен 7 баланың анасымын. Олардың бесеуі – мектеп оқушылары. Осы уақыт аралығында тек 1 баламды ғана киім-кешекпен қамтып үлгердім. Енді дәл осылай 4 баламды да мектепке даярлау қажет. Оларды бізге берілген сертификаттардың көмегімен киіндірмекпін. Бізге осындай бір емес, 5 дана сертификат табысталды. Партиялықтарға айрықша алғысымды білдіремін», – деді көпбалалы ана Бану Жаңбырова.

Жетісу облысындағы «AMANAT» партиясының мүшелері де игі істен шет қалған жоқ. Жаңа оқу жылы басталар алдында өңірдегі 1 мыңға жуық оқушыны мектепке қажет заттар жиынтығымен жабдықтау жоспарланып отыр. Мәселен, 13 бала тәрбиелеп отырған Батыр ана Мадина Тәуірбаева балаларды жаңа оқу жылына даярлау кезінде қолдау көрсетудің маңызын ерекше сезінуде.

«Бүгінде 7 балам мектепке барады. Сондықтан, қиын сәтте қолдау көрудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Балалардың мектеп табалдырығын аттағаны қуанышты, әсерлі сәт қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Партияның бізге көрсеткен көмегі мен қамқорлығы арқылы балаларым мектепке қажет заттардың бәрін алып, жаңа оқу жылын сәтті бастайтынына сенімдімін. Қолдау көрсетіп, демеу болатын мейірімді жандардың бары қандай жақсы», – деді ол.

Айта кетейік, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда партия кемінде 1,2 млн жайлы оқушы орнын құруға, сондай-ақ үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін толық шешуге кепілдік береді. Бұған қоса, жөндеу және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы 3 мың мектеп толық жаңғыртылады.

Мәселен, 2023 жылы елімізде 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тауып, 536 мың оқушыға негізделген 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 1 млн жаңа оқушы орнын құру көзделуде. Бұл қадам үш ауысымда білім беру мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.