Сенат төрағасы халықаралық конференцияда сөз сөйледі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Парижде жалауы желбіреген XVII жазғы Паралимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға қатысты.

Францияға жұмыс сапары барысында палата Спикері ЮНЕСКО-ның Инклюзия жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулемен және Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті.

Конференция параспорттың инклюзия саласына беретін тың әсері және оны кеңінен қолдану мәселелеріне арналды. Қазақстан бочча федерациясының Президенті іс-шараға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Паралимпиада ойындары қарсаңында осындай ауқымды жиын ұйымдастырғаны үшін ЮНЕСКО-ның басшылығы мен өкілдеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол мұндай бастама ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға және осы алаңда инклюзия мәдениетін дәріптеудің келешегін талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл сала Қазақстанда соңғы жылдарда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалардың басым бағыттарының біріне айналып, айрықша маңызға ие болғанын да тілге тиек етті.

Конференцияда кешенді қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту мәселесіне баса мән берілді. Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл бағытта медициналық аспектілерге ғана басымдық беріп қоймай, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға өздерінің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, сапалы білім алуға, қоғам өміріне белсенді араласып, мемлекеттік басқару ісіне қатысуға толық жағдай жасау аса маңызды.

«Қазақстанда мемлекеттік саясатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса мән беріліп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңғыртулар әділеттілік қағидатына табан тірейді. Баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құрмай ол қағидатқа қол жеткізе алмаймыз. Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттілігі бар азаматтар бетпе-бет келетін проблемаларды шешу жолында дәстүрлі қайырымдылықтың және медициналық қолдаудың аясынан шығу. Біз олардың қоғамға бейімделуіне және өмірден өз орындарын табуына жаңа серпін беретін тиімді экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деген Қазақстан бочча федерациясының Президенті Қазақстан заңнамасындағы инклюзивті білім беруді дамытуға, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған өзгерістерге тоқталды.

Халықаралық конференция барысында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле, Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс және тағы басқалар сөз сөйледі.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті. Тараптар паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Сұхбат кезінде Сенат Төрағасы Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мен параспортты дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулемен кездесті. Онда Алматыда БҰҰ Өңірлік бюросымен жұмысты жандандыру, рухани дипломатияны ілгерілету, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және тағы басқа көпжоспарлы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері әңгімеге арқау болды.

Өз кезегінде Одри Азуле өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен заңнамалық өзгерістердің тиімділігін тілге тиек етті.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан паралимпиада құрамасы Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де Парижде өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Дүбірлі дода 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарысқа 182 елден келген 4400-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Олар барлығы 549 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Қазақстан ұлттық құрамасы бұл ойындарға спорттың 9 түрінен 33 жолдама жеңіп алды. Нақты айтқанда, отандық атлеттер пара жеңіл атлетика, парапауэрлифтинг, паратаеквондо, пара үстел теннисі, паражүзу, парадзюдо, параканоэ, пара оқ ату және отырып ойнайтын волейболдан сынға түседі. Осы ретте қазақстандық парасопртшылар пара үстел теннисі мен пара каноэден Паралимпиадаға алғаш рет қатысып жатқанын айта кеткен жөн.