Мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «Қазақстанның мәдениеті мен спорты» аясында мерейтойлық пошта маркасын арнайы мөрлеу рәсімі өтті. Бұл оқиға – көшпенді халықтардың бай мәдени мұрасын құрметтейтін және бағалайтын барлық жан үшін маңызды шара.

Мөрлеу рәсімі ресми ұйымдастырылды. Рәсім барысында ДКО дирекциясының басшысы Наиль Нұров бүгінгі іс-шараның маңызын атап өтіп, оның мәдени мәніне ерекше тоқталды.

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, біздің дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен бірегей байланыс. Мерейтойлық пошта маркасын шығару – бұл біздің өткенімізге деген мақтаныштың және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымыздың символы. Бұл бастаманың адамдарды біріктіріп, көшпенді халықтардың мәдени дәстүрлерін сақтауға және дамытуға шабыттандыратынына сенеміз және қуаныштымыз», – деді ол.

Бұл пікір көшпенділер ойындарының терең мәдени маңыздылығын және мерейтойлық марканы шығарудың символдық мәнінің орны ерекше екенін көрсетеді. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бас­қарма төрайымы Әсел Жанасова дәстүрімізді танытуда мерейтойлық пошта шығарудың насихаты кең екенін айтты. 

«Мерейтойлық пошта маркасын шы­ғару – бұл тек біздің мәдени мұрамызға деген құрмет белгісі ғана емес, сонымен қатар көшпенді халықтардың дәстүрлерін сақтау мен насихаттауға қосқан елеулі үлесіміз. Біз мәдени диалогтің дамуына және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға өз үлесімізді қоса алатынымызды мақтан тұтамыз», – деді.

Марка тиражы 5000 дана, номиналды құны – 500 теңге. Ультракүлгін бояумен және алтын фольгамен бедерлеу арқылы қорғаныс элементтерін қолдана отырып жасалған марка кез келген коллекцияның ажырамас бөлігіне және көшпенді халықтардың мәдени мұрасына деген құр­меттің символына айналады.