Шығыстағы алты ауданның игілігіне айналатын еліміздегі ең ұзын көпірдің аяқталуына да көп уақыт қалған жоқ. «Көпір салынса» деген шекаралас ай­мақтағы ағайынның көптен күткен арманы еді.
Ұлықбек Тұмашинов, Мәжіліс депутаты: Бұл көпір – нөпір сөздің емес, істің көрінісі
1,511
оқылды

Бұл көпір – тіршілікті қайнатып, қаңырап қалған ауылдарға жан бітіруге сеп болатын алып құрылыс екені даусыз. Ендеше көпір бітсе, шекарада жетімсіреп қалған аймақтарға ел қайта орала ма? Жүсіпбек Аймауытов «Алтай – жердің жұмағы! Алтайда болған адамда арман жоқ» деп суреттеген сұлу табиғаттың  келешегі кемел бола ма деген сауалды Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашиновке қойдық.

– Ұлықбек Шабданұлы, Күршім, Зайсан, Катонқарағай аудандары тұр­ғындарына жарты ғасырдан бері арман болған Қазақстандағы ең ұзын көпір құ­ры­лысының басталуына себепкер болға­ныңызды білеміз. Тіпті, бірнеше рет депу­таттық сауал көтергеніңізден де ха­­­бар­­­­­­д­­­ар­мыз. Бұл аудан тұрғындарының ең үлкен арма­ны, аманаты еді. Сол арман болған көпір аяқта­­луға да жақын. Көпір бітсе, үш бірдей ауданда шешілетін ма­ңыз­ды мәселе не деп ойлайсыз?

– Біз бұл көпір бойынша дабыл қағып, Мә­жіліс мінберінде жиі мәселе көтерген едік. Үкі­метке жолдаған депу­таттық сауалымда да бұл мәселеге ерек­ше екпін берген едім. Ес­теріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқ­­тырма су қоймасының үстінен көпір салуға тікелей тапсырма берді. Бұл көпір Ертіс өзенінің арғы жағында орналасқан бес шекаралық ауданда тұратын: Күр­шім, Ка­тонқарағай, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай халқының өмір бойғы ар­маны екені белгілі.

Депутаттық сауалда бұл халыққа аса ма­ңызды, қажетті, күрделі құрылыс нысанын Үкі­мет тарапынан ерекше ба­қылауға алынбаса, Президенттің тап­сыр­масы ондаған жылға созы­­­лып кете­тінін айтып, дабыл қаққанбыз. Егер бұл құры­лыс бітпесе, шекаралық бес ау­данда тұратын халықтың қалмауы да мүмкін екенін еске салған едік. Ше­ка­ралық аймақ­тармен қарым-қатынас жасау оңай емес. Ка­тон­қарағай, Мар­қакөл, Зайсан, Тарбағатай, Күршім елден шет, тысқары жатқан аймақтар. Ол жаққа қаты­­нау да оңай емес. Соңғы жыл­дары елден жастар үдере көшіп, ауыл­дарда қа­рия­лар ғана қалды. «Ка­тон­қарағай қартайып барады» деп БАҚ беттерінде де жиі мақалалар жарық кө­ріп жата­­ды. Сол елдегі ағайынның ақ­жарылқап, қуана­­­тын күні алыс емес. Елі­­­міздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқ­­­талуға таяп қалды. Көпірді сән-сал­танатымен аша­тын күнге тезірек же­тейік. 

Одан бөлек, бір жыл бұрын қыркүйек айында вице-премьер Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдап, сыртқы сауданың транзиттік әлеуетін дамыту үшін жаңа көлік бағыттарын салу мә­селесінің маңызды екенін де айтқан едік. Расында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында елі­міз­дің географиялық орналасуын өз артық­шылығымызға ай­налдыру керек екені ай­­тылды. 

Шығыс Қазақстан облысынан депутат ре­­­тінде өзен кеме қатынасын қалпына кел­­­тіруді, Қытай Халық Рес­публикасының Қара Ертісінен Ертіс пен Обь бойымен Обь шыға­нағына дейін және бүкіл Сібір аймағы Сол­түстік Мұз­ды мұ­­хит­қа дейінгі ескі су жолын қосу қажет еке­­­нін айтқан едім. Бұған біраз уақыт бұрын Ново-Шүл­бі ГЭС-інің аяқталмаған шлюз бөлігі кедергі кел­тірген болатын. Бүгінде шлюз бөлімі пай­далануға беріліп, жұмыс істеп тұр, өзен кемелерінің өтуі­не еш кедергі жоқ. Прис­­­­тан­дардың, айлақ­тар­­­дың жа­ғалау құрылыс­­­тарының инфра­құры­лымы сақталған. 

Ал Ертіс су айдынында орналасқан өңір­лерді дамытуға келетін болсақ, бұл Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстары үшін өте үлкен перспектива болмақ.

Семей қаласындағы теңіз мектебін және Прибрежное кентіндегі кеме жөн­деу зауытын қалпына келтіру орын­ды деп есептейміз. Бұл дегеніміз – жұ­мыс орындары мен жергілікті мамандар. Қол­­да бар кемелерді де ретке кел­тіру ке­рек. Батыс Қазақстан облысының Орал кеме жасау зауытында заманауи өзен кемелерін жасау. Ресейде кемелерге тапсырыс беру және жүк ағынын кө­бейту. 

Су арқылы тасымалданатын жүк­тердің ті­зімі шектелмейтінін бәрі біледі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері, құ­рылыс материал­дары, металлургиялық өнімдер, халық тұты­натын тауарлар және т.б.

– Шекара маңындағы аудандар тұр­ғындарын алаңдатқан мәселе көп: ауыл қартайып барады, мектептер жабылып жатыр. Миграция үде­рісін тоқтату үшін көпірдің айтарлықтай жеңіл­дігі бола ма?

– Әрине, қазақ «үмітсіз тек шайтан» ғана дейді. «Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салынады» дегенге көп адам сенген жоқ. «Аты шулы Кеңес уақытында тұрғызылмаған көпір енді болмайды-ау» деп күдер үзген еді халық. Сол себепті де жаппай шекаралық ау­дандардан көшу басталды. Жайнап тұрған ауылдар құлазып, адам сенгісіз күйге түсті. Ке­­зіндегі жер жәннаты Мар­қакөл өлкесі жетім­­сіреп, қаңырап бос қалды. Әр сайы мал түлікке толы Алтай бос сабадай қалыпқа түсті. Елдің құла­зыған көңілін алғашқы сапарын шығыс елінен бастаған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп кетті. Сол жолы Мем­­­лекет басшысы «көпір са­­­лына­ды» деп арғы жағада отырған елге уәде бер­ген. Сол көпір аяқталуға аз қалды. Бұл кө­пір – Қа­зақ­­стандағы ең ұзын, ең күр­делі құрылыс. Ал­ғаш бастаған кезде жан-­­жақтан мамандарды жи­нап, жо­басын зерттеп, қобалжығанымыз рас еді. Тіпті, кү­мән да болды. Көпірді сала алмай, ел-жұртқа таба боламыз ба деген қауіп басым болғаны рас. Бірақ «көз – қорқақ, қол – батыр» де­ген – осы. Ұзын­дығы 1 316 метр, тек қана теңіз үс­тін­де, екі жағадағы жақтауын қосқанда – 1 500 метр. Оған қоса, 20 шақырым жаңа жолы бар. Міне, осы жұмыстар қазір аяқталу саты­сында. Ертістің ар жағында отырған алты ау­дан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бүгінгі күні облыс орталығына Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім тұрғындары Ертістен өту үшін паром арқылы қатынас жа­сайды. Өте қолайсыз жағдай. Көпір аяқталған соң он бес минутта өте шыға­ды. Иә, игіліктің ерте кеші жоқ, сөзде тұру, ол біздің Прези­ден­тіміздің ел­дің алдына қойған мақсаты, талабы. Бұл көпір – нөпір сөздің емес, істің көрінісі. Техно­логиялық тұрғыдан алғанда өте күрделі құрылыс болды. 28-32 метр тереңдікте, қатты ағыста, қыста қақаған аязда жұмыс істеген мамандарға зор ал­ғыс, әрине. Біздің де қолдан келетініне халықтың көзін жеткіздік. 

– Бір сауалыңызда шекаралас ай­мақтардағы тұрғындардың әлеуметтік мә­селесін шешу үшін ынталандыру қажет деген едіңіз. Жалақысын көтерсек, ауылға мұғалімдер мен дәрігерлер бара ма? Жал­пы, сол сауалыңызға Үкіметтің қайыр­ған жауабы қандай болды?

– Президент Тоқаев Парламентте сөйлеген сөзінде «ұлттық қауіп­сізді­гімізді нығайту ая­сында шекаралық аймақтарды дамытудың нақты шара­ларын қарастыру тиіс» деп атап өтті. 

Біз үнемі Мәжіліс мінберінде ше­каралық аудандардың әлеуметтік-эко­номикалық мәсе­лелерін жүйелі шешу керек деп жиі мәселе көтеріп жүрміз. Осыған орай, шекара­лық ай­мақтарға халықты тұрақтандыру, ынта­ландыру есебінде еңбек етіп жүрген азаматтар мен аза­матшалардың жалақысына ау­дандық 1,5 деген қосымша коэффи­циент қосу маңызды. 

Аталған адамдардың еңбек өтілінің 1 жылы 1,5 болып саналуын да қарастыру қажет. Тек осындай шаралардың арқа­сында ғана ауыл­дарға жетіспей тұрған – дәрігер, ұстаз, мал дәрі­герлері, агроном, орманшы тағы да басқа жас маман­дар­дың сол аймақтарда тұрақ­­тануына сти­мул жасауға болады. Осы мәселені жедел шешудің тетіктері қажет екенін айтқан едік. Үкімет бұл сауа­лымызға: «Үкіметтің 2023 жылғы 28 нау­рыздағы №270 қау­лысымен Қазақстан Респуб­ликасының Ауылдық аумақ­тарын дамы­­­­тудың 2023-2027 жылдарға ар­налған Тұжы­­­рым­­дамасы бекітілді.

Тұжырымдаманы іске асыру жө­­ніндегі іс-қимыл жоспарында шекара маңындағы ау­­мақ­тарды дамыту мақ­сатында, еңбек тап­шылығы бар өңір­лердің шекара маңындағы ауылдық округтер тұрғындарының жалақы­сына үстем­ақы енгізу бойынша іс-шара көз­делген. Соны­мен қатар Президент Әкім­шілігі Басшысының тапсырмасына сәйкес шекара маңы аумақтарын дамы­туға бағыттал­ған нақ­ты шаралар көздей отырып аталған тұжы­рым­дамаға өзге­рістер енгізу бойынша жұмыстар жүр­гізілуде. Шека­ралық аймақтарда еңбек ететін бюджет сала­ларындағы қызмет­кер­лерінің еңбек өтілінің 1 жылы 1,5 етіп бекіту мәселесі егжей-тегжейлі пысық­тауды қажет етеді (Еңбекминінің пайым­дауынша, шека­ралық аймақтарда еңбек ететін қызметкер­лердің тек сол жерде тұрғаны үшін еңбек өтілінің 1 жылы 1,5 етіп бекіту тиімсіз болып табылады). Аталған мәселе тұжырым­даманы қайта қарау барысында қо­сымша қаралатын болады» деген жауап келіпті. 

Депутат ретінде ел аралап, халықпен кез­дес­кен кезімізде осындай мәселелер жиі ал­ды­мыз­дан шығады. Бұл жағдайды әу бастан айтып ке­леміз. Сондықтан «AMANAT» пар­­тия­сының сайлауал­­ды бағдарламасында депу­­таттық сауал ретінде Үкіметке ұсыныс жасаған едім. Шека­ралық, қияндағы аудандарда тұра­тын мамандарға аудандық 1,5 деген коэф­фи­циент қолданса, ол сондай үл­кен сома емес, ше­кара­лық аудандарды есепке алып, қанша халық жұ­мыс істейтінін са­нап көрсе, көп адам да шы­ға қоймайды, ол де­ге­німіз – дә­рігерлер, мұғалімдер, ветеринарлар, агрономдар, осын­дай кәсіптерге ын­таландырып, қосымша жа­лақы та­ғайындалғанда ауыл адамда­рына үл­кен ынталандыру болушы еді. Зейнет­кер­лікке кө­­мек ретінде шал­ғайдағы мамандарға бір жыл стажын бір жарым жыл ретінде санаса, бұл ма­мандардың тұрақтануына үлкен көмек болар еді. Жастар үлкен қалаларға сан­далмай, өз ата­­­­­мекенінде, шекараның ма­ңа­йын­да отырған қал­­­­пы отыра беретін еді. Осы мәселені қан­шама көтерсем де Үкімет тара­пынан екіұшты жауап қана келеді, білмедім, әлде түсінбей ме, әлде түсін­гілері келмей ме? Қаншама қаражат су­дай сіңіп, керек емес бағдарламаларға ша­шылып ке­тіп жатыр. Қазіргі ғаламдағы жағдай бәрі­мізге белгілі, егер шека­рамыз халық­сыз қалса, көз аларт­қан көршілер аз ба, кей­­де неге соны ой­ла­маймыз? Ащы шын­дық, өтірік бопсадан әлде­қайда артық дер едім.

– Биылғы 1 қаңтардан бастап Ка­тонқарағай мен Марқакөл ауданы қайта құрылды. «Бір кез­дері аудан қайта құ­рылса, ауылға баруға дайынб­ыз» деген азаматтар болып еді. Ел аудан­ға қайта үдере көшті ме? Көштің жайы не боп жатыр?

– Алтай тауларының қойнауы кеңге толы, қазірдің өзіңде көптеген барлау жұмысы жүр­гізіліп, зерделеніп жатыр. Кенді Алтайда ал­тын мен күміс, мыс, темір, түрлі түсті метал­дардың бәрі бар. Бүгінгі күнде өте үлкен сұ­­­­­­­ра­­­нысқа ие литий де бар ол жерде, сондықтан бұл өл­кенің болашағы өте зор. Қазір Ертіс бо­йымен кеме­­­лермен су тасымалын қай­та жаң­ғырту қолға алы­нуда, сол са­лынып жатқан көпірдің биіктігі 20 метр­ден жоғары су дең­­гейінен. Осы жағ­дай­­­­лар қолға алынса, көшіп кеткен жұрт елге қуана-қуана келері сөзсіз. Ауылдар қайта­дан жан­­данып, туризм дамып, эко­но­микамыз алға өрлеуіне кәміл се­немін. Оған себеп: биыл­ғы жазда алыс жа­­­қыннан Ка­тонқарағайға, Мар­қакөл, Зайсан, Күршім ау­дандарына келген ту­ристердің саны үш есеге өсті. Осыған орай елдегі мамандар тапшы­­­­­лы­­ғына кел­сек, жасыра­ры жоқ, қазіргі жұ­мыс іс­т­еп жүрген мамандар орта жас­тан асып кет­кен азаматтар... Енді жас­тар қай­та оралса, жа­бы­­­­лып қалған ауылдар қайта жаңғырып, елдің бойына қан жүгірер еді. 

– Катонқарағай ауданынан елге та­нымал зия­лы азаматтар көп шықты. Шыңғыстайда ке­зінде Алаштың танымал қайраткері Әбдікәрім болыс­­тың мектебі болғаны белгілі. Қазір ол мек­теп мұра­жайға айналды. Шыңғыстайға бара­тындар Оралхан Бөкейдің музей-үйін іздейді. Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшім­ханұлы да Ка­тон­қарағай тумасы. Одан бөлек, қаншама зия­лымыз бар. Оралхан Бөкей музей-үйін сатып алуға сіздің үле­сіңіз тигенін естіп жатырмыз. Ка­­­тонға турис­­тер жиі баратын болды. Туризмді көтеру үшін тұлғалардың өмірінен сыр шертетін арнайы QR код жасау керек секілді. Музей, мұра­жайларға аса қажет дүние. Бұл тұрғыда не істеген абзал?

– «Суға кеткен тал қармайды» дейді, әр ел­дің өз азаматтары бар. Біздің Ка­тонқарағай ауданында үлкен, саналы, көпті көрген, жазу­шы ағаларымыздан тә­лім алған бір топ сол ауданның тума­лары жағдайды байқап, елімізге шамамыз келгенше қол ұшын берейік деп аудандық қор құрып, өз қалталарынан көмек ұйым­дастырды. Бұл жерде барлық аза­маттың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бірақ ішіндегі серкесі Се­рік То­лықбаев деген бауы­рымыз ауданның үш мек­тебін зияткерлік мектептермен ұш­тастырып, ауыл балаларына заманауи білім беруді ұйым­дастырды, бүгінде сол оқушылар нәтижесін көр­се­туде. Аз­амат­тар көптеген істің басы-қа­сында жүріп, еліміздің тозып кетпеуіне ықпал жасады. Осы қор көп­теген істің алғы шебінде жүр. Пре­зи­дент Жар­лығымен аудандар қайта құрылғанда алғашқы ұйымдастыру кезінде үлкен көмек бол­ды, басқа ау­дандарға үлгі болды. Әрине, Катон­­қара­ғай – алыптар мекені, оған себеп: ай­рықша табиғаты, жерінің қа­сиеті! Ке­ле­­шекте Марқакөл мен Күр­шімді, Катонқарағай мен Үлкен На­рынды туризм мекеніне айналдыр­сақ, жер жәннаты сол жерде болады, оған кәміл сенеміз!

– Рахман қайнарының жөні бөлек. Соңғы жылдары бұл шипалы судың жайы мәз емес секілді. Шипажай жабық тұрса, тозып, жа­рам­сыз болып қалмай ма?

– Рахман қайнары – иә, бұл біздің жаны­мызға бататын жайт. Бес жыл болды, А.Балу­шкин қарызға батып, ел­ден кеткеніне. Сол кез­ден бері елі­міздің ең бір емге дауа, жанға жайлы ши­па­жайы қараусыз қалды. Жылдан-жылға тозып барады. Халықпен кезде­суде кө­бі­­нің қоятын сұрағы – осы ши­пажай жа­йында. Жуырда Рахман қай­­­­­­­нарын Прези­дент іс басқармасы бас­­­қа­руға алады деген жақ­сы хабар есті­дім. Онда өте дұрыс болатын еді. Биыл жазда еліміздің өңір-өңір­лерінен келген турис­тер жабық тұр­ға­нына қарамастан Рахман қай­нарын көріп қайтты. Әтте­ген-ай дейсің, осын­­дай қымбат бай­лығымызды өзіміздің қол­­дана алмай жат­қанымыз жанымызға батады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Айна ХАСАН