Қай кезде де балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігі «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тауып келеді. Соның ішінде өскелең ұрпақтың дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы ерекше маңызға ие.
Сыр өңірінде мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі назардан тыс емес
870
оқылды

Осыған орай «AMANAT» партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтіп, онда орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет жасайтын партия мүшелерінің мектеп асханаларында ыстық тамақты ұйымдастыру бағытында атқарған жұмыстары талқыланды.

Отырысқа өңірден бейнебайланыс режимінде партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов,партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы,  облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары  Бағдат Бердаулетов және партияның облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Базара Танбаева қатысты. Онлайн режимде Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.   

Жалпы,  Сыр өңірінде жоспарлы түрде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар істеліп жатыр. Соның ішінде мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 9 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның негізінде мектеп-интернаттарды қоспағанда, облыстағы  297 мектептің 290-ында  ыстық тамақ, 7-еуінде буфеттік құрғақ тамақ ұйымдастырылған.

«Биыл өңірде бірінші жартыжылдықта 87 331 бала, оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын 35 067 бала, бастауыш сыныптардағы 52 264 бала 100 пайыз тегін тамақпен қамтылған. Білім беру ұйымдарында ас мәзірінің нормалары ҚР Үкіметінің №320 қаулысының №15 қосымшасына сәйкес жас ерекшілігіне қарай ұйымдастырылып отыр. Бірреттік тамақтану құны орта есеппен 580 теңгені құрайды. Азық-түліктің нарықтық бағасының өсуіне орай тамақтануға бөлінетін қаржы жыл сайын 10-12 пайызға көтеріліп отыр»,- деді өңірде атқарылған жұмыстарды баяндаған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов. 

Қазіргі таңда буфеттік құрғақ тамақ ұйымдастырылған жеті мектептің 4-і Арал, 3-і Шиелі аудандарына тиесілі. Бұл бағытта мәселенің алдын алуға негізделген ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

«Бүгінде облысқа қарасты Арал, Шиелі аудандары бойынша 7 мектеп ғимараты асхана ашуға талапқа сай келмеуіне байланысты тегін буфеттік тамақ ұйымдастырылған. Нақты уақытта бұл мектептерде 289 бала білім алса, олардың 223-і тегін буфеттік тамақпен қамтылып отыр. Қазір Арал ауданындағы Ақшатау және Тоқабай елді мекендеріндегі мектептердің құрылысы демеушілермен жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі №133 негізгі мектептің жаңа ғимараты жақын күндері пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа білім ордасынан  40 орындық асхана ашу қарастырылған. Келесі жылдан бастап мұндағы  51 бала ыстық тамақпен қамтылатын болады. Сол сияқты 2021-2025 жылдар аралығында өңірде 236 мектептің асханасына жабдықтау жұмыстарын жүзеге асыру көзделсе, биыл 47 мектептің асханасы талапқа сай жабдықталды», - деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

Осы орайда айта кеткен абзал, негізінен облыста мектеп асханасындағы тамақтандырудың сапасына бақылау жасау мәселесі де назардан тыс емес. Бұл үшін Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен  ведомствоаралық сараптамалық тобы бекітіліп,  әр мектепте бракераждық комиссия құрылған. Биыл сараптамалық топпен 112 білім беру ұйымында бақылау жүргізіліп, кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданған. Бұл бағыттағы жұмыстар  өңірлерде Партиялық бақылау комиссияларымен жалғасын табатын болады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы