«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Сыр өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті
725
оқылды

Онда  жемқорлық фактілері, соның ішінде партия мүшелерінің өз бизнесіне қолдау көрсетуді мемлекеттік қызметімен заңсыз үйлестіруі бойынша  оларды отставкаға жіберу, лауазымынан босату, депутаттық өкілеттіктерін тоқтату, партиядан шығару туралы мәселелер қаралды.  Кеңес отырысына облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова қатысты. 

Жалпы, «AMANAT» партиясы –  ел  болашағы үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алған жетекші партия.  Сондықтан партияның әрбір мүшесі –  еліміздегі реформалардың сәтті жүргізілуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған тапсырмаларының орындалуына тікелей әсер етуші күш. Әрбір партия мүшесі қоғамдағы тұрақтылықты, жалпыұлттық бірлікті нығайта отырып, экономикалық тұрғыдан қуатты, демократиялық мемлекет құруға қол жеткізуге мүдделі болуы тиіс. 

Бүгінде  партия тарапында өз  бизнесін мемлекеттік қызметімен  заңсыз үйлестіруде айқындалған  фактілер болмаған. Ал депутаттардың өкілеттілігін тоқтатуы бойынша 5 бос орын бар  екені анықталды. Оның 2-еуі  мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты болса, 2-і мекенжайын  басқа қалаға ауысуына, ал 1 депутат "Ақжол" партиясынан өз еркімен өкілеттілігін тоқтатқан. Партия мүшелігінен жемқорлық фактілерімен партиядан шығарылғандар жоқ. Мұны жиын барысында  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық Превенция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Мырзағалиев атап өтті.

«Қазіргі кезде әлеуметтік желіде партия атына кір келтіріп, беделін түсіретін  әрекеттер жасап  жүрген  мәслихат депутаттары шығуда.  Әрине, бұл депутаттар біздің облыстан емес. Дегенмен де,  қандай жағдай болмасын, партиялық әдеп нормаларын бұзуға жол бермеу керек. Сондықтан жұмыс және жұмыстан тыс уақытта да партия мүшелері  беделін түсіретін немесе қоғам тарапынан сын тудыратан ситуациялардан өзін алшақ ұстауы тиіс», –  деді өз кезегінде  кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев.

Жалпы, «AMANAT» партиясының облыстық  филиалында жыл басынан 231 адам партия қатарынан шығарылған. Олардың 175-і  6 айдан астам уақыт партия жарнасын төлемегендер болса, 40 азамат қайтыс болуына байланысты, тағы 16 адам жазбаша өтініш негізінде партиядан шықты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы