Бұл туралы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ресми мәлімдеді.
Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық байқау өтеді
Sputnik / Яков Берлинер
959
оқылды

Астана қаласында Роза Бағланова атындағы халықаралық вокал байқауы өтеді. Ауқымды мәдени шара Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық ҚаҺарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің үздік дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртуға, сондай-ақ жас вокалистерді қолдауға бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы өткізеді.

Байқау 3 кезеңнен тұрады:

1. I кезең (іріктеу) – 7 қыркүйектен 17 қыркүйекке дейін онлайн форматта;

2. II кезең – 27 қыркүйек офлайн форматта;

3. Жеңімпаздар мен диплом иелерін марапаттау рәсімі және Гала-концерт – 28 қыркүйек.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 1 шілде мен 6 қыркүйек аралығында қабылданады.

Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы эстрада жанрының вокалистері, республикалық және халықаралық байқаулардың, телевокал байқауларының қатысушылары, Қазақстан Республикасы мен алыс және жақын шетелдердің мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады.

Байқаудың жүлде қоры:

1) Гран при – 2 000 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

2) І орын – 1 500 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

3) ІІ орын – 1 000 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда);

4) ІІІ орын – 500 000 теңге (жеке табыс салығын есепке алмағанда).