«Бомжсың ба?»: Атырауда блогерлер қорлаған күзетші қайтыс болды

Оның артында жұбайы, екі ұлы мен қызы қалды.

Атыраудағы "Мемлекеттік сараптама орталығы" мемлекеттік мекемесінің күзетшісі жұмыс орнындағы оқиғадан кейін басына қан құйылып, көз жұмған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

"Патриот" телеграм арнасының мәліметінше, мекеме күзетшісі Хәкім Иманиязов 56 жаста болған.

"Мемлекеттік сараптама орталығына" өздерін блогермін деп таныстырған бірнеше адам келіп, бірқатар заң бұзушылықтарды айтып, телефон камерасына түсірген. Мемлекеттік Тудың жоғына, турникеттің жұмыс істемейтініне шағымданып, мекеме басшысын шақыртқан. Мемлекеттік органға кіргісі келген блогерлер жолын бөгемек болған күзетшіге дауыс көтеріп, артынша балағаттаған. Видеода ер адамның күзетшінің аяқкиіміне тиісіп, "Сен бомжсың ба?", "Сен кімсің?", "Сен еркек емессің, белдемше киіп ал" деген сөздер айтады. Осыдан кейін Иманиязовтың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқан. Бірнеше аптадан кейін көз жұмды. 

Оның артында жұбайы, екі ұлы мен қызы қалды.

"Патриот" арнасына сұхбат берген күзетшінің әйелі Мариям жұмыста қызметтік міндетін орындаған  күйеуін қорлағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.

Блогерлерге қатысты арыз полицияға "Мемлекеттік сараптама орталығы" мемлекеттік мекемесінен келіп түскен. Жанжал туралы бейнеролик тергеушіге жеткізілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.