Баян Алагөзованың қызы әкесінің туыстарымен және Бақытбек Есентаевтың өзімен қарым-қатынасы қандай екенін айтты.
Оның істегенін ақтауға болмайды: Баян Алагөзованың қызы әкесі туралы пікір білдірді
3,424
оқылды

28 жастағы Айсәуле Бақытбек-Қайдарова өзінің Instagram парақшасында "Сұрақ-жауап" айдарын өткізіп, әкесі жайлы сұрақтарға жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айсәуленің айтуынша, әкесінің туыстарымен ол ешқашан көп араласпаған. Айсәуленің әкесімен қарым-қатынасына қатысты сұрақ жариялаған фотосуретіне байланысты туындаған. Ол суретте Бақытбек Есентаев немересін жетелеп жүр.

– Мен осы фотосуретті жарияладым. Бірақ сол кезде "Міне, сөйлесіп жүр екенсің, сен жарадың", "Қандай кереметсің" деген пікірлер жазылды. Бұл адамдардың басындағы мүлдем қате пікір. Оның істеген ісін ақтауға болмайды. Ешқандай! Бұл фотосурет пен біздің сөйлесуіміз оны ақтадым дегенді білдірмейді. Олай емес. Бұл қарым-қатынас маған оңай емес, көп жұмыс пен күш жұмсауды қажет етеді. Бұл туралы ол (әкесі – ред.) тіпті білмеуі де мүмкін, – деп жазды Айсәуле Бақытбек-Қайдарова.

Десе де, Айсәуле әкесінен теріс айналып кетпеген.

– Бірақ мен соның арқасында өмір сүріп жүргенімді білемін. Әкем ұзақ жылдар бойы маған жақсы әке болды. Адам баласы өте қорқынышты әрекетке барса да, баласымен, немересімен қарым-қатынас жасауына қақы бар. Өйткені, бұл – өмір. Өмірдің көп қыры бар. Менің өмірімнің қыр-сырын ешкім ұқпайды, мен де біреудің өмірін ұқпауым мүмкін, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Бақытбек Есентаев өз әйелін өлтіруге оқталды, сонымен қатар сексуалдық сипаттағы қылмыстар жасады деген айыппен сотталып, түрмеде жазасын өтеп шыққан. Сот 2016 жылы жабық түрде, Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билерінің қатысуымен өткен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.