Ол уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді.
Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы кадеттер арасында әлем чемпионы атанды
Фото: Дзюдо федерациясы
1,274
оқылды

Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.   

Дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол финалда украиналық қарсыласы Лебид Дмитроны уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді. 

Әлем рейтингінде 5-ші орында тұрған отандасымыз әлем біріншілігін екінші айналымнан бастады. Жалпы жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Алғашқы қарсыласы Мунгун Учрал Ууганбаярды (Моңғолия), одан кейін ширек финалда Гиорги Гелашвилиді (Грузия) жеңді. Ал жартылай финалда украиналық Аркадии Смаиловтан басым түскен болатын. 

Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасында сынға түскен Санжар Ерұланұлының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. 17 жасар Санжар бұған дейін 2024 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатын және Азия кубогін ұтқан, сондай-ақ Еуропа кубогінде күміс жүлдегер атанып үлгерген.  

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Перудің Лима қаласында өтіп жатыр. Әлем біріншілігіне 48 елден 403 жас татами шебері қатысып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.