Биыл Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. 
Мемлекет басшысы моноқалаларға дем беру үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды
467
оқылды

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында моноқалаларға дем беріп, өңірлерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқару қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Президенттің айтуынша, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.

– Биыл Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Президент Қарағанды облысына барған жұмыс сапары жөнінде айтты.

– Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы, биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанына тоқталып, қаланы әрі қарай дамыту жөніндегі шаралар жөнінде айтты.

– Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс, – деді Президент. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.