Әнші Мақпал Жүнісова "Алтайдың ар жағынан келген ару" әнінің шығу тарихын айтып, осы әнді орындаған сәті түсірілген видео жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әнші бұл әнді алғаш өзі орындағанын, кейін Сәкен Қалымов «бағын ашқанын» айтты.
"1989 жылы осы әннің авторы, марқұм Тұрсынғазы Рахым арнайы мені телеарнаға шақырды. Сол уақытта ағамыз телеарнада қызметте болатын. "Мақпалжан, осы әннің тұсауын өзің кесіп бер" деді. Ал мен "Ойбу, аға! Бұл жігіттер айтатын ән ғой. "Алтайдың ар жағынан келген жігіт" деп жазғаныңызда айтар едім" деп күлдім. Бірақ келісімімді беріп: "Аға, бір аптадан соң "Қазақконцертте" бір концерт болады. Сонда орындап, тұсауын кесіп берейін" дедім. Ол кісі қатты қуанды. 1990 жылы радиоға жазуымды өтінді, артынша Германияда менің алғаш лазерлі таспам шықты. Соған осы ән енді. Кейіннен Жетісайда гастрольде жүргенде бір қара торы Сәкен Қалымов деген жігіт маған келіп, осы әнді орындағысы келетінін айтты. Мен бірден "Иә, бұл әнді жігіт орындаса, тіптен жақсы болады» деп, рұқсат еттім. Содан Сәкен Қалымов "Тамашаның" сахнасында эстрадаға лайықты өңдеп, айтып шыққан соң әннің бағы жанған еді. Тынышбай ағамыз да өмірден разы болып өтті", - деп жазды Мақпал Жүнісова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.