Осыдан бірер апта бұрын мамандар Алматы қаласында жауын-шашынның әсерінен сел жүру қаупі бар екенін айтып хабарлаған еді.
Сел қаупін сейілтуге бола ма?
534
оқылды

Төтенше жағдайлар департаменті сел қаупіне байланысты тұрғындар мен турис­терден тауға шықпауды сұрап дабыл қақты. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, нөсер жауын Алматы қаласында және оған іргелес таулы аймақтарда сел ағындарының қалыптасуы мен су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғуы мүмкін. Кейіннен қалада тау өзендері бойынша гидрометеорологиялық ақпаратқа сәйкес («Қазгидромет» РМК 2024 жылғы 31 шілдедегі жаңбыр генезисінің сел қаупінің күнделікті Бюллетенінен) Іле Алатау тауларында қатты жауын-шашынның болжамына байланысты сел қаупінің «қызғылт сары деңгейі» жарияланды. 

– Гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел құбылыстары болуы мүмкін. «Қазселденқорғау» бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерде бақылаудың жеделдетілген режиміне ауыстырылып, аэровизуалды және жергілікті бақылау жүргізілуде. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды, – деді Алматы қаласының төтенше жағдайлар қыз­меті.

Сел қаупі қай кезеңге дейін жал­ғасады? Қазір сел қаупін алдын алуға қарсы қандай іс-шаралар атқарылып отыр? Алдағы күндері сел қайталанып, жағдай күрделенгенде апатты алдын алу үшін техникалар мен қажетті құралдар саны жеткілікті ме? Сел ұстағыш бөгеттер саны қанша? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу үшін «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Әлішер Тоқтасынға сауалдарымызды жолдаған едік. Ол қыркүйек айында мореналық көлдердің жарылуы сынды үлкен қауіптің күтілмейтінін жеткізді. Әлішер Жеңісұлының сөзінше, қазір көлдердің қауіптілігі біршама төмендеген көрінеді. 

– Селдің ең қауіпті кезеңі мамыр айының 15-нен қыркүйек айының 15-не дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Алматы қалалық басқармасы сел қаупін алдын алу мақсатында көлдердің деңгейін қауіпсіз деңгейге дейін төмендету жұмысын атқарады. Төтенше жағдайлар қызметінің ескерт­уі негізінен жауын-шашынға байланысты. Өйткені «Қазгидро­мет» тамыз айының соңында тау­лы аймақтарда жауын-шашын күтілетіні туралы хабарлаған еді. Дегенмен алдағы күндерде мореналық көлдердің жарылуы сынды қауіпті жағдайлар күтілмейді. Мореналық көлдердің жарылуы дегеніміз – жауын-шашынның әсерінен беттік сулар, беттік ағындар пайда болуының арқасында өзен деңгейінің көтерілуі. Сол уақытта орта таулы аймақтарда сел тасталымдары болады (селевой выброс). Бұл негізінен локальдық жауын-шашынға байланысты туындайтын апаттардың бірі, – дейді ол.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі басшысының дерегінше, биік таулы аймақтарда, яғни 3 500-4 000 метр биіктікте орналасқан көлдердің деңгейі қазір төмендеген. Себебі күз мезгілі кіріп, ауа температурасының төмендеуіне байланысты мұздықтардың еруі мен көлдердің толу жағдайы азайған.

– Шілде айынан бастап бүгінге дейін 6 биік таулы аймақтарда орналасқан жарылып кету қаупі бар, сел қаупі аса жоғары көлдерде жұмыс жүргізіліп келе жатыр. Сел қаупін алдын алу бойынша мердігер компаниямен бірлесе отырып, көлдерге полиэтиленді құбырлар жалғадық. Құбырдың барлығы іске қосылып, көлдегі су сорылды. Нақтырақ айтсақ, қазіргі кезеңге дейін аса қауіпті көлден жалпы көлемі 3,5 миллион текше метр су сорып шығарылды. Онымен қоса, көлдердегі эвакуациондық каналдарды ұйымдастыру, оларды кеңейту жұмысы жүргізілді. Қазір жоғарыда аталған алдын алу шараларының барлығы соңына таяп келе жатыр. Мұны көлдегі су деңгейінің едәуір төмендеуімен байланыстырсақ болады, – дейді Ә.Жеңісұлы.

Бүгінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қызмет көрсету, оның алдын алу және салдарын жою бойынша «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Алматы қалалық басқармасында апаттық топ ұйымдастырылған. Топтың құра­мында 34 адам және 19 арнайы бірлік техника бар. Әлішер Жеңісұлы апат айтып келмейтінін, сондықтан арнайы топ үнемі кез келген жағдайға дайын тұратынын айтады. Сұхбат барысында маманнан Алматы қаласындағы сел ұстағыш бөгеттер мен сел қауіпті учаскелердің саны туралы сұрап білдік. 

– Алматы қаласында 8 сел ұста­ғыш бөгет бар. Одан бөлек, қа­зір Ақ­сай шатқалында қосымша тоғызыншы бөгет салынып жатыр. Ақсай сел ұстағыш бөгеті аяқталса, қалада­ғы бөгеттер саны артпақ. Алматы қаласындағы сел ұстағыш бөгеттер сел қаупі бар ірі өзендердің бойында орналасқан, – дейді маман. 

Ал қала аумағы бойынша сел қауіпті учаскелердің саны – 195. Маманның айтуынша, олардың әрқайсысы паспортизацияға енгізілген, сондай-ақ қауіпті учаскелерге толыққанды бақылау орнатылған. 

– Алматы қаласы бойынша ­4 өзен ағып өтеді: Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзені. Ал қауіпті учаскелер осы өзендердің бойында орналасқан. Өздеріңіз білетіндей, қазір өзендердің бойында түрлі демалыс орыны, кафе-ресторан одан бөлек тұрғын үй сынды нысандар көптеп салынған. Мамандар осындай нысанның барлығын жиі бақылауда ұстауға тиіс – деп сөзін түйіндеді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Ә.Тоқтасын.

Қауіпсіздік қызметкерлері қала тұрғындары мен туристерге сел тасқынында қалған жағдайда, құтқарылуға мүмкіндік жоқ екенін ескертеді. Мамандар тұрғындарға таудағы жағдай туралы үнемі БАҚ таратқан ресми ақпараттан құлағдар болуға, егер сел қаупі төнген жағдайда рельефтің ең биік нүктесіне көтерілуге кеңес береді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы