Қонаевтағы автотұрақтар күреледі

Алматы облысының орталығында халыққа қажетті тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени, әкімшілік нысандар салу, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру жұмыстары қарқын алды.

Кезінде қалай болса солай салынған қосалқы құрылыс­тар және тағы басқа да  нысандар бұзылып, босатылған алаңдарға дәл қазіргі кезде тұрғындарға аса қажет орындар тұрғызылады. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, бүгінде осыған байланысты қалалықтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбір күрделі мәселелердің күрмеуі рет-ретімен тарқатылуда. 

Соның бірі – шағын қаланың әр жерінде орналасып,  дәл бүгінгі күні облыс ор­талығы үшін аса қажетті болып отырған нысандардың құрылысына арналған жер телімдеріне қатысты мұқ­таждықты шешуге кедергі болып отырған көбе­дей-көп гараж кооперативтеріне қатысты. Қазір осындай 7  кооперативтің орнын босату жұмыстары жүргізілуде. Осы нысандарда тұрған автотұрақтар түгел бұзылып, орындары тазартылып, қалаға қажетті ғимараттар салынады. 

Бұзылатын нысандар қатарындағы «Оранжерея»   гараж кооперативінің орнына тұрғын үйлер, «Толқын» кооперативінің орнына әкім­шілік және халыққа қызмет көрсету нысандары, «Спутник» кооперативінің орнына тұрғын үй кешендері, «Связист» кооперативінің ор­нына көпқабатты нысандар, «Бытовик» кооперативінің орнына автотұрақтар тұрғызылса, «Стройтель», «Робот» гараж кооперативтерінің орындары жасыл аймаққа айналдырылады. 

Дегенмен қала тұрғындары жылдар бойы тұрақты пайдаланып, әбден үйреніп қалған автотұрақтарын сақтап қалғысы келетіні айт­паса да түсінікті. Соған сай, олар әкімдікке өтінішпен шығып, гараждарды жекеменшікке өткізіп беруді сұраған. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәлімдеуінше, дәл қазір гараж коо­перативтеріндегі авто­тұрақ­тарды жекеменшікке шығару мүмкін емес. Өйткені бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадас­трының деректеріне сәйкес, аталған кооперативтер орналасқан жер телімдері қыс­қа мерзімге уақытша пай­далануға ғана берілген.  Азаматтық кодекстің 209-бабындағы 4-тармаққа сәйкес, ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда бо­лады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды.  Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.  

Алайда тұрғындар өті­нішіне құлақ түрген әкімдік  қазір қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жат­қанына байланысты оларға  үлестік меншікке құ­жат әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін арнайы комиссия құрылады және жер телімдеріне түгендеу жұ­мыстары жүргізіледі. Сон­дай-ақ аталған нысандар мем­лекет мұқтаждығына алын­ған жағдайда немесе инвесторларға берілгенде кооперативтердегі үлескерлерге шығындары үшін өтемақы төленеді. 

«Халық Бас жоспардың не үшін қабылданғанын түсінуі қажет. Қаланы көркейту, тұрғындарға барынша қолайлы етуді мақ­сат ететін Бас жоспардың орындалу мерзімі 2050 жыл­ға дейін жоспарланған. Оның ішінде экономиканы дамыту, халықты жұмыспен қамту, автожолдар салу мен бұрынғыларын кеңейту, инженерлік желілерді тарту, абаттандыру, әлеуметтік, мәдени, әкімшілік нысандарды салу, тұрғын үйлерді тұрғызу секілді маңызды сала­лар қамтылған. Ерте ме, кеш пе, гараждар күреліп, орнына бас құжатқа сәйкес ғимараттар орналастырылады. Сондықтан тұрғындарды заң аясында жұмыс істеуге шақырамыз», – деді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Руслан Ботамбаев. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы