Ерте көктемнен қара күзге дейін егістікте еселі еңбек ететін ауылдағы ағайынның берекелі науқанда көл-көсір өнімге кенелуді көздейтіні бесенеден белгілі.
Дән – диқанның дәулеті
674
оқылды

Сондықтан әр жылда диқан қауымы «Иә, Алла көктен жаудырып, жерден өндіріп бере гөр» деп Жаратқаннан ала жаздай төккен терінің өтеуі қайтқанын тілейді. Алайда жер қарайғаннан танапқа тырма салатын шаруалардың алдынан кесе-көлденең кездесетін қиындықтары аз емес.

Соңғы жылдары су мәселесі атыз жаға­лаған ағайынды шаршатты. Әсіресе, суармалы алқаптарға күні қараған шаруалардың мәселесі шаш етектен кел­еді. Бұл, әсіресе негізгі кәсібі – күріш шаруашылығымен тығыз байланысты Сыр өңірінің еңбеккерлеріне оңай соқ­пай тұр. Себебі күріш дақылы суды көп қажет ететін өнім. Әсіресе, вегетация кез­еңінде мол суға сұранып тұрады. 

Мамандар тарапынан жылма-жыл суды үнемдеудің түрлі тетігі қарас­тырылып келеді. Соның ішінде Сыр салысымен жан бағып отырған шар­уал­­ар ата кәсібінен қол үзіп қалмау үшін түрлі жолын қарастырып әлек. Күріштік алқаптың көлемін азайтып, оның орнына көкөніс, бақша өнімдерін егу бастамасы соған айқын дәлел. 

Негізінен, бұл әдіс Сыр өңірінде бір­неше жылдан бері жүйелі түрде қол­ға алынды. Көкөніс, бақша дақыл­дар­ын егуге ниетті тұрғындарға оңтайлы мүм­­кіндік жасау бастамасына бетбұрыс жасалды. Арнайы жер телімі беріліп, бас­қа да мүмкіндікке жол ашты. Бірақ өкін­іштісі сол, «бақша өнімдерінен көл-көсір пайдаға қарық болдым» деген шаруаны әлі күнге кезіктірген емеспіз. Бұл жерде тағы да сол су мәселесі бір бүйір­ден тартады да тұрады. Ал сол су тап­шылығы тығырыққа тірегенде шеші­мін кімнен сұрарыңды білмей абдырап қаласың. 

Биылдың өзінде облыс бойынша барлығы 192,7 мың гектарға егін орна­ластырылған. Ал жалпы ауыл шар­уашылығы дақылдарын тұрақты суа­руға 3,7 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Соған орай суды үнемдеуге бағытталған шаралар назарға алынып, 19,8 мың гектар жерге көкөніс, бақша дақыл­дары егіліпті. Ал одан алынған өнім көңіл көншіте ме? Облыстың Ауыл шар­уашылығы және жер қатынастары басқармасынан осы төңірегінде сұрап көрген едік. 

«Соңғы жылдары өңірдегі су тап­шы­лығына байланысты егіс көлемін өт­кен жылмен салыстырғанда едәуір азайттық. Нақты айтқанда, жалпы егіс көлемі 646 гектарға кемісе, оның ішінде күріш көлемін 4,8 мың гектарға төмендеттік. Есесіне егіс көлемін әртараптандыру бағытындағы дақылдардан биылға қосымша соя дақылын 135 гектарға арттырып, қант құмайы 290 гектарға, дән жүгері 1700 және сүрлем жүгері 793 гектарға жеткізілді. Көкөніс, бақша дақылдарына да басымдық бер­ілді. Соның ішінде көкөніс, бақша да­қылдарынан бүгінгі күні 3,7 мың гектар көкөніс жиналып, одан 73,2 мың тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 196,3 центнерден келеді. Ал бақша да­қылдарынан 4,9 мың гектар жиналып, 117,8 мың тонна өнімге қол жеткіздік», – деді бұл жайында басқарманың егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов.

Аймақтың басты дақылы – күріш шаруашылығына келсек, өңірде биыл күріштің көлемі 84,3 мың гектарға жеткен облыс бойынша егілген күріштің жағдайы 85,3 пайызға жақсы, 13 пайыз­ға орта, 1,7 пайызға нашар деп бағаланып отыр.

Басқарма тарапынан бүгінде шар­уашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылық дақылдарын күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптар­ға сай жүргізгенін айтады. Атап айт­қан­да, егілген күріш егісінің 63,9 мың гектары арамшөптерге қарсы гербицидтермен өңделсе, 68,2 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген.

Әр жылы несібесін жерден терген шаруалар егін егу және жинау науқанында жанар-жағармайға бас ауыртып жатады. Биылғы жылы бұл тұрғыда анау айтқандай мәселе туындамағанын айтады. Басқарманың мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы бойынша биылғы науқанға ауыл шаруашылығы тауар­ын өндірушілерінің қолда бар 4400 бірлік техникалары толық жөндеуден өткізіліп, күзгі егін жинау науқанына қатыстырылуда. Ал күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізу үшін биылғы науқанға жанар-жағармай қажеттілігі 8,1 мың тоннаны құраған. Ди­зель отынымен қамту жұмысын 4 мекеме үйлестіріп отырғанын алға тар­тады. Қазір арзандатылған дизель отыны шаруашылықтарға 247-250 теңгеден таратылуда екен. 

«Бүгінде облыс бойынша барлығы 56,5 мың гектар күріш егісінің суы байланды. Негізгі дақыл күріштің 290 гектары орылды, ору-бастыру жұмыс­тарын қазанның бірінші онкүндігінен кешіктірмей толық аяқтау жоспарлану­да. Қолда бар техникалар түгел күзгі егін жинау науқанына қатыстырылып жатыр. Қажетті жанар-жағармайға қа­тысты мәселе жоқ. Ендігі мақсат – піс­кен өнімді төкпей-шашпай жинап алу. Тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде», – дейді бөлім басшысы.

Осы орайда жергілікті шаруа­шы­лықтар соңғы жылдары тіршілік нәріне қатысты түйткілдер де бар екенін жоққа шығармайды. Ала жаздай атыз жағалап, атқарған тынымсыз еңбектері зая кетуден қорқып, күн кешіп отырғанын алға тартады. Берекелі күзде мол өнімге кенелу үшін суды үнемдеудің түрлі тәсілін қолданып жатқанын алға тартады. 

«Күріш дақылы суды көп қажет ететіні баршаға аян. Алайда соңғы жылдары елімізде су тапшылығы сезіліп, көп­теген шаруашылықтың шаруасына өз салқынын тигізіп отыр. Былтыр су­ тапшылығынан көп зардап шектік. Би­ыл­­­­ғы жағдай жылдағыдан тәуір. Яғни, су жылдағыға қарағанда жеткілікті деңгейде болды деп айтуға толық негіз бар. Сонда да қамсыз отыруға болмайды. Өзіміздің шаруашылық тарапынан арнайы егістік алқапқа су тартатын сорғылар алып орнаттық. Бұл бүгінгі таңдағы тіршілік нәрінің тапшылығынан алып шығатын бірден-бір тәсіл болып тұр. Сонымен қатар өңірде тұқымға қатыс­ты түйткілдер де қылтиып көрініп қа­ла­ды. Әсіресе, соңғы жылдары қолданыстағы күріш сұрыптары жиі ауырып қалып жүр. Тұқым шаруашылығымен де айналысатын серіктестік ретінде бұл қиындықты еңсеруге жұмыстар жүргі­зіп жатырмыз. Алдағы уақытта қиындықты еңсереміз деген ойдамыз. Осы орайда айта кету керек, шаруашылығымыздың иелігінде жайқалған алма бағымыз да бар. Алғашқыда 4 гектарға еккенбіз. Биылғы қосымша 5 гектарға алма ектік. Жақсы өнім берді. Жалпы, егінжайда шешімін күткен мәселелер аз емес. Қиындықтар кезең-кезеңімен реттеледі деп үміттенеміз», – дейді «Жаңажол» серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлепов.

Жалпы, жылда жеңімпаз таныла­тын «Жаңажол» шаруашылығының жұмысы жүйелі. Күрішпен қоса, кө­көніс, бақша дақылдарын өсіруге де ден қойып келеді. Биыл 3100 гектарға сыр салысын еккен. Сондай-ақ 10 гектарға көкөніс өсіріп отыр. Жақсы өнім алуға үмітті. 

Қалай дегенде де, мамандар тарапы­нан биылғы көрсеткіш былтырғыдан төмен болмайтынына сенім білдірді. Ал жыл сайын су таппай сарсаңға түс­іп, тұқым сапасына түңілген шаруа­шы­лықтар болса, түйткілдер рет-ретімен шешілсе деген тілегін жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы