Ол 160 млн теңгеден астам сомаға азық-түлік астығының мемлекеттік резервтік қорын жымқырған.
«Астық қоймалары» ЖШС өкілдіктерінің директоры сотталды
494
оқылды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астық қоймалары» ЖШС «№2 Нан базасы» және «№5 Нан базасы» өкілдіктерінің бұрынғы директорына қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Антикорға сілтеме жасап. 

Ол 160 млн теңгеден астам сомаға азық-түлік астығының мемлекеттік резервтік қорын жымқырғаны және оның 118 млн теңгеден астам сомаға 996 тонна мөлшерінде бүлінуіне әкеп соққан немқұрайлылығы үшін кінәлі деп танылды.

– Сот үкімімен мүлкі тәркіленіп, 8 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ, – делінген хабарламада. 

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.