Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Арал тағдыры: бөлінген 1,5 миллион долларды халықпен санаспай, игеріп қойған
www.istockphoto.com
762
оқылды

Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазақстан  Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атынан депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Құрметті Қанат Алдабергенұлы!

Депутаттық сауалым экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегі арқау болып отыр. 

Кеше ғана Мемлекет басшысы Жолдауда: Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі екенін атап өтті. Арал тағдыры – адам тағдыры!!!

Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал  жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді.

«САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттеген-айы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ). Айта кететін жайт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 метр биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған.

Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 миллиард текше метр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай  Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе?

Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаның мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы. Халықпен кездесуге барғанда көзім жетті.

Айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы, жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей, қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы.

Осыған орай, ел аманатын арқалаған "AMANAT" фракциясы келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді:

Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі "САТ" түбегейлі тоқтатылсын!!! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамасыз етуді сұрап отыр.

Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету.

Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ!

Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның екінші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу, деді ол.