Үкімет әуежайдың жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін 9,5 млн теңге қаражат бөлген болатын.
«9,5 миллион теңге қаражат бөлінген»: депутат Арқалық әуежайында ешқандай жөндеу жұмысы жүргізілмегенін айтып, дабыл қақты
472
оқылды

Күні кеше «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық мәні айрықша басымдықтардың бірі ретінде көлік-логистика секторын, оның ішінде ішкі әуе бағдарларын дамытуға назар аударған жөн, өйткені бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды деп баса айтты. Осы орайда «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Aikyn.kz

Былтыр желтоқсан айында бір топ депутат Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық логистиканы күшейту, туризм саласы мен шағын және орта бизнес жұмысын жандандыру үшін Арқалық қаласының бұзылып, жекенің қолына сатылып кеткен әуежайын қайта қалпына келтіру қажеттілігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. 

– Сонда Үкіметтен әуежайдың жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін 9,5 млн теңге қаражат бөлінді және әуежай инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалатын болады деген жауап келген.   

Одан бері міне,  8 айдай уақыт өтіп, біз бірнеше рет сол өңірге барып сайлаушылармен  бірнеше рет кездесу өткіздік. Бірақ  әуежай төңірегінде қандай да бір тексеру жұмыстары мен іс-шаралар жасалып жатқанын көрмедік. Керісінше, әуежайдың ауадай қажет екеніне одан сайын көз жеткіздік. Өңірдің алғашқылар қатарында су тасқынынан болған апатты басынан кешіргені белгілі. Сол кезде су ортасында қалып қойған ауылдарға авиакеросиннің жоқтығына байланысты басқа өңірлерден барған тікұшақтар дер кезінде жете алмай тұрып қалған. Сонымен қатар Арқалықтан науқас адамды облыс орталығына жеткізбекші болған санитарлық авиация ұшағының апаттық жағдайда еріген қар суына қонып авиациялық оқиға болған. Бұл жағдайлар өңірде бір толыққанды әуежай болуының орындылығын сөзсіз айқындап берді. 

Соған қоса, біздің былтырғы депутаттық сауалымыздағы әуежайды қалпына келтіру үшін жаңадан ұшу-қону жолағын салмай-ақ, бұрынғысын жөндеуден өткізіп, кіші және орта авиацияны қабылдауға инфрақұрылымдық нысандар салу жеткілікті болар еді деген сөзіміз де осы жазда расталды. Оған Чехиядан екі әскери жүк тасымалдаушы ұшақтарымен Арқалық ескі әуежайынан қалған орынға (кертағы) керқұландардың келуі дәлел бола алады, – деді Берік Бейсенғалиев.

Мәжіліс депутатының айтуынша, биыл жазда өңір сайлаушылармен кездесулер барысында бұл мәселенің жергілікті тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтерілуі оның маңыздылығы мен ерекше өзектілігін тағы да көрсетті. Халық "басы жақсы басталған іс аяқсыз қалып қоя ма?" деген алаңдаушылықтарын ашық айтуда.  

– Жоғарыда баяндалғаннның негізінде, аталған әуежайды қалпына келтіру мәселесін құзіретті мемлекеттік органдардың үстіміздегі жылдан кешіктірмей қолдарына алуларын тапсыруды сұраймын, – деді депутат.