Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы халықтың басты тіршілік көзі – ауызсудан тарыққанына ондаған жыл болған шығар. Ал мүлде сусыз қалғанына екі жылға жуықтап қалыпты.
Егіндікөлге су жетпейді
583
оқылды

Былтырғы  мамыр айынан бастап  техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, үш миллиардтан астам қаржы бөлінсе де күні бүгінге дейін жергілікті ағайын тамшы суға зар боп отыр.  Бірақ олардың  жанайқайы не жергілікті атқарушы биліктің, не тапсырыс беруші  органдардың құлағына жетпей келеді. Жергілікті қауымдастық өкілдері аудандық әкімдіктен бастап «Нұра топтық су құбыры», облыстық әкімдік пен құзырлы ведомстволардың табалдырығын талай тоздырып, тіпті Бас прокуратураға дейін хат жолдағанымен, тиісті еш әрекеттің ізі де байқалмаған. Түйткілдің қашан тарқатылып, арман болған ауызсумен егіндікөлдік ағайын қашан тамақ жібітетіні беймәлім болып тұр...

Қазір судың жоғынан тұрғын­дары жан-жаққа тарыдай шашыла бастаған Егінді­көлде 6 300-ден астам адам ауызсудан тар­­шы­лық көріп отыр. Су ондаған шақырым қашықтықтағы Астрахан ауданы­нан төтенше жағдай жарияланғаннан кейін сатып алынған екі су тасығыш көлікпен тасымалданып, су мұнарасына құйылады. Алайда оның өзі уақытында жеткізілмей қалады. Күні бүгінге дейін Бауманское, Қоржынкөл, Егіндікөл, Полтавский, Буревестник, Жаманқұлақ және Спиридоновка елді мекендерінің халқы тамшы суға зар күйде қалған. 

Былтыр техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланған соң ауызсумен «жарылқауға» уәде еткен құзырлы ведомство мен жергілікті атқарушы билікке 3 миллиард теңгеден астам қар­жы бөлінген. Алайда салынған жаңа құбырлардың сапасы да сын көтермей, су келмей жарылып жатыр.  Оған қоса, қомақты қаражат қазылған ұңғыма суын тазартуға арналған  төрт бірдей сүзгіге жұмсалған. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, қыруар қаражат жіберілгені­мен, ол да күні бүгінге дейін орнатылмапты. Қазір мыңдаған халықтың күні тасымал су мен Егіндікөлдегі жал­ғыз су мұнарасына қарап қалған. Күніне 300 литрден артық берілмейтін судан жалыққан жұрттың жанайқайы жан түршіктіреді. Мердігер компания осы жылдың 1 тамызында су болады деп ха­лыққа уәде еткенімен, арада бір айдан астам уақыт өтсе де «зәмзәм» суы әлі жоқ. Күн сайын суды сарғая күткен халық әбден қиналғанын айтады.

– Міне, жағдайымыз осындай бол­ып тұр. Бір жыл тоғыз айдан бері мүлде сусыз отырмыз. Былтырғы жылдың мамырында төтенше жағдай жариялан­ғаннан кейін 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ іс жүзінде жел­ге ұшқандай көрініп отыр. Халықтың ашу-ызасы кернеп, әлеуметтік шиеленісті күйге жетіп отыр. Қыстың ортасында төселген құбырлар бір-біріне қатып қалғандықтан, ауыр сом балғамен ұрып кигізгенде жарылып кеткен. Мердігер бірінші тамызда су болады деп ант-су ішкен. Алайда одан бері де бір айдан астам уақыт өтсе де еш өзгеріс жоқ. Құбырлар қалай болса солай салынған. Құбырдың қысымын жасаймыз деп созбақтатып отыр. Ал шын мәнінде келтірілген ақауларды жөндеп әуреленуде. Қазір бір отбасыға 300 литрден артық берілмейтін суға күн сайын ыдысымызды тосып күнелтіп келеміз. Аудан әкімдігі 120 миллион теңге сомасына жергілікті шаруа қожалықтарының күшімен қазылған ұңғыма құдықтарға арнайы тазартқыш сүзгілерді сатып алған. Екеуі Егіндікөлге, бірі Ұзынкөлге көлден су алуға, енді бірі Қоржынкөлге қойылуы тиіс болған. Алайда күні бүгінге дейін олардың да орнатылғанын көре алмадым. Қазылған ұңғымадағы суды ит берсе ішпейтін шығар. Өйткені су ұңғымасын қазған аудан әкімі барлаушы геологтерді де шақырған жоқ. Құдықты халықтық әдіспен ойларына келген бір жерден қаза салды. Ұңғыма да, 120 милллион теңгеге алынған су таза­ла­ғыш сүзгілер де құр босқа қалды. Біз Бас прокуратураға дейін хат жаздық. Қа­зір жергілікті прокуратура және ар­хи­тектурадан тексерістер болып жатыр. Сондай-ақ қаражаттың қалай жұмсалғаны бойынша аудиторлық тексеріс келуі керек. «Бармақ басты, көз қысты» дегендей жағдай болғаны анық. Құбырлар қалай болса солай сал­ын­ған. Мердігер компанияның өзін­­­де еш техникасы да, жұмыс күші де жоқ. Бәрін субмердігер компания техникасымен істейді. Мәселе жөнінде алдағы бейсенбі тағы жиын өткізбекпіз. Бұлай болмайды ғой?! – дейді Егіндікөл ауданының тұрғыны, «Тіршілік-2023» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерік Серікбаев. 

Түйткілді түйіннің ұшын шешер деген мақсатпен алдымен аудан көлемінде жарияланған төтенше жағдайдан кейін жобаға тапсырыс беруші ретінде бекітілген Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су шаруа­шылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевқа хабарластық. Ол жобаның бір жағынан мердігер компанияның бұрынғы басшысы кезіндегі болған былықтардан, одан соң аудан әкімдігінің дер кезінде дұрыс әрекет етпеуінен жобаның созылып кеткенін растап, бір аптаның ішінде Егіндікөлде су мәселесі шешіліп, ақ түйе­нің қарны жарылатынына сендірмек болды. 

– Төтенше жағдай жарияланғанымен, жоба бойынша былтырғы төр­аға кезінде бірталай былық бар екені анықталды. Тіпті, құбырларды салу кезінде 50 метр жерге мүлде құбыр салын­бай қазылған жер сол күйі жабыла салғаны анықталды. Абырой болғанда, ешкім техникалық қадағалау бойынша қол қоймаған екен. Сол сияқты құ­бырларды салу кезінде көп ақаудың болғаны анықталды. Сонымен қатар  құбыр жолынан Егіндікөлдің ішіне су тарту жобада болмаған. Бұл әкімдіктің теңгерімінде болыпты. «Бізге мұны да жасаңыздар» дейді. Ал жобада аталған мәселеге қаржы мүлде қарастырылмаған. Іздеп жүріп, қаржы беретіндей бағдарламаны да тауып, өзгеріс енгізіп, жобаға қостық. Әкімдікпен, мердігер компаниямен жаңа ғана ауызба-ауыз нақты мәселе жөнінде сөйлестік. Енді бәрін жөнге келтіріп жатырмыз. Бір апта ішінде су болады, шыдаңыздар, – дейді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Арманұлы. 

Мәселенің мәнісін осы істің басы-­қасында болуға тиіс Егіндікөл ауданы­ның әкімі Юрий Курушиннің өз аузынан естімек болдық. Әкім тапсырыс беруші мен мердігер компания істі сөзбұйдаға салып жібергенін, алайда бәрі осы­лардың құзырында екенін айт­ып ат-тонын ала қашпақ болды. 

Әрине, жоба бойынша олқылықтар мен ақаулықтар жетіп артылады. Су жіберсе болды, құбыр трассасындағы жырықтар мен жарықтардан су кетіп, апатты жағдайды түзету керек болады. Бұл жерде бәрі де тапсырыс беруші Су шаруашылығы комитеті мен мердігер компанияның құзырында. Жоба бо­йынша аудан әкімдігінің теңгерімінде болған су бұру мәселесінің бәрі сәуір айында-ақ шешіліп, мердігер компания барлығын тартуға тиіс болған. Күні бүгінге дейін сағызша созып жатыр, – деді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин. 

«Нұра топтық су құбырының реконструкциясы» жобасы бойынша жергілікті «Тіршілік» қоғамдық бірлестігі мердігер компания мен «Нұра топтық су құбырынан 337 шақырымдық су құбырының қазіргі ахуалы жөнінде нақтылап ақпарат сұратқан. Оның қорытындысы бойынша төмендегідей жауап беріліпті. 

«Ақмола облысында ұзындығы 337 шақырым Нұра топтық су құбырының реконструкциясы 1 кезек 2 іске қосу кешені» жобасы бойынша су құбырын төсеу жөнінде құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың 1 тамызында аяқталды. Бас мердігер Bertys Construction ЖШС-мен 68,7 шақырым құбыр тартылып, 78 құдық орнатылған. Қарғалы, Жантек, Құмкөл, Тоғанас елді мекендері қазір жаңа су құбырына қосылып су алып отыр. Жергілікті атқарушы орган – Егіндікөл ауданы әкімдігінің өтінішімен Ұзынкөл ауылында резервуары толтырғаннан кейін жаңа құбырды қолда бар су құбырына және Ұзынкөл ауылындағы сорғы стансасына қайта жалғау жүргізілді. Аталған жұмыстар жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылмаған. Бұл өз кезегінде қосымша уақыт алды. Қазір мердігер ұйым гидравликалық сынақ жұмыстарын жүргізуде. Ұзынкөл-Буревестник учаскесі гидросынақтан өтті. Буревестниктен Полтавское селосына дейінгі учаскеде де гидросынақ жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Егіндікөл ауданы әкімдігінен Егіндікөл селосына су бұруды қосу жөнінде ақ­пар­ат сұралды. Бұл жұмыс­тар да жо­балық-сметалық құжаттамаға кірмей­ді, – делінген «Нұра топтық су құбырының» берген ресми жауабында. 

 

P.S. 

Қысқасы, төтенше жағдай жарияланғанымен, бөлінген бюджет қаражаты түлкібұлаңмен қалтарыс-бұлтарыста қалып қойғандай әсер қалдырады. Мұнымен, әрине құзырлы қадағалау органдары айналысады деген үміттеміз. Ең бастысы, тамақ жібітер су таппай қиналған бірнеше ауылдағы ағайынның ауызсуы тезірек шешімін тапса екен дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы