Олжас Бектенов пен inDrive қызметінің негізін қалаушы Арсен Томский цифрлы индустрияны дамыту мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов inDrive-тың негізін қалаушы Арсен Томскиймен кездесті
777
оқылды

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов inDrive жаһандық көлік және қала қызметтері платформасының негізін қалаушы және СЕО Арсен Томскиймен кездесті. Цифрлы индустрияның өзекті мәселелері талқыланып, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жаңа шешімдер енгізу перспективалары қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда цифрлы экожүйе құрылған, Орталық Азиядағы IT стартаптардың ірі халықаралық технопаркі жұмыс істейді, креативті шешімдерге белсенді түрде қолдау көрсетілуде. Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

«Мемлекет басшысы Жолдауда цифрландыру саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұл – басым міндет. Қазақстан экономика құрылымындағы цифрлы технологиялар үлесін ұлғайтуды және IT қызметтер экспортын одан әрі арттыруды мақсат етіп отыр. Біз ішкі нарықта ірі IT компаниялардың болуын құптаймыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Арсен Томский бірлескен цифрлы платформаларды енгізуге және интеллектуалды индустрияны дамытудағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Атап айтқанда, inDrive Қазақстанда IT, білім беру, ғылым, өнер және басқа да бағыттар бойынша білікті мамандарды даярлайтын 400 адам білім алатын inVision U университетін ашу туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар компания ірі мегаполистерде ауа сапасын жақсарту бойынша бірқатар экологиялық бастаманы іске асыруды жоспарлап отыр. Бірінші жоба Алматыда жүзеге асырылады. Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға қоғамдық жобаға көмек көрсетуді тапсырды.

Кездесу қорытындысы бойынша еңбек процестерінің заңдылығы мен ашықтығын, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді. Сондай-ақ inDrive Қазақстанның платформалық жұмыспен қамту жөніндегі бастамасын қолдайды.

Анықтама: inDrive әлемнің 46 елінің 750 қаласында қызмет көрсетеді. Компания 2021 жылы құны миллиард доллардан асқан компаниялар тізіміне еніп, бірегей мәртебеге қол жеткізді. 2022 жылы компанияның кеңсесі Алматыға көшірілді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы inDrive кеңсесінде 800-ге жуық адам жұмыс істейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.