Ақтөбе тұрғыны жалдамалы пәтерінде клиентінің көзіне екі мәрте блефаропластикалық ота жасап, мұның соңы ауыр зардапқа әкеліп соқты.
Жалдамалы пәтерінде блефаропластика жасап, пациенттің көзін зақымдаған «дәрігерге» айыппұл салынды
Фото: behance.net
488
оқылды

Ақтөбе тұрғыны жалдамалы пәтерінде клиентінің көзіне екі мәрте блефаропластикалық ота жасап, мұның соңы ауыр зардапқа әкеліп соқты. Айыпкер 1 млн 235 мың теңге өтемақы төлеуге мәжбүр болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық сотына үйде блефаропластика жасатқан соң қабағы жарылған азаматша материалдық және моральдық залал өндіру үшін жүгінген.

Instagram әлеуметтік желісінде блефаропластика қызметі туралы жарнаманы көрген талап қоюшы 2023 жылдың 4 тамызында жауапкердің жалдамалы пәтерінде ота жасатқан.

Операциядан кейін бір апта өткен соң талап қоюшы көздің ассиметриясын байқап, жауапкерге қайта хабарласып, 15 тамызда екінші рет ота жасатады.

Екінші ота кезінде жауапкер оң көзі қабағаның терісін тым терең кескен және терісімен бірге төменгі кірпіктерді кесіп тастағандықтан, талап қоюшыдан қан кетуі тоқтамаған.

Жауапкер жараны лазермен күйдіріп, қанды тоқтатып, қан кеткен жерді тігіп тастаған.

Талап қоюшы конъюнктивит, ауырсыну және жас ағу салдарынан офтальмолог пен пластикалық хирургтарға жүгінуге мәжбүр болған.

Қазіргі уақытта қабақтың толық жабылмауына, көздің және қабақтың үнемі ісуіне байланысты пациенттің сыртқы келбеті өзгергендіктен талап қоюшы жұмысты тастап, сәтсіз жасалған отадан кейін емдеу және оңалту шығындарын көтеруге мәжбүр болған.

Сот істі қарау кезінде жауапкердің ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтінін, оның пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқтығын, тек сертификаты бар екенін анықтады.

Жауапкер талап қоюшыға ота жасауға жұмсалған 80 мың теңгені өз еркімен қайтарған.

Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 235 мың теңге материалдық шығын және 1 млн теңге моральдық зиян өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.