Әлімжеттік көрсеткендер жазасыз қалмаса екен дейді марқұмның жақындары.
Ақтөбедегі оқушы өлімі: Тағы бір жасөспірім қамауға алынды
1,016
оқылды

Ақтөбе облысында 14 жастағы баланы ұрып өлтірді деген күдікпен үшінші оқушы қамауға алынды. Жоғары сыныпта оқитын күдіктілер мен төбелеске қатысқан тағы он шақты бала қазір тергеліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Кеше әлімжеттіктің құрбаны болған Нұржан Сыдықовтың денесі жер қойнына тапсырылды.

— Ауылда жалғыз мектеп, кішкентай ауыл болғандықтан «дедовщина» бірнеше жылдан жалғасып келе жатқан қасіретті ахуал болды. Балалар айтыпты, естіп жатырмыз, «Нұржанды қаттырақ ұрыңдар!» деп. Солай, Нұржанды ұрып, соның ішінде спорт шеберінен кандидат бар екен. Басты органдарынан соққылар жасап, інімді өлімге қиыпты. Ең сорақысы, 15 шақты бала бола тұра, менің інімді далаға жалғыз өзін өлім аузына тастап кеткен, – дейді Н.Сыдықовтың әпкесі Аяжан Сыдықова. 

Кенжесінен айрылып қара жамылған отбасы ауыл балаларының осындай жауыздықа барғанына шошынады. Айналдырған екі жүз елудей бала оқитын мектепте «әлімжеттік бұрыннан бар» деп отыр. Жоғары сыныпта оқитындар кішілеріне күш көрсетіп, дегенін істетеді екен. 14 жастағы Нұржанды да кешке иесіз монша жанына шақырып алған. 11-сынып оқушылары жасөсіпірімді жабылып ұрып, аяусыз соққының астына алған.

Сол жерде болған 15 оқушының жартысы — мектеп мұғалімдерінің баласы. Қазір үш күдікті қамауда отыр. Әлімжеттік көрсеткен қалғаны да жазасыз қалмаса екен дейді марқұмның жақындары.

Осы оқиғадан кейін Қопа ауылындағы мектеп директоры жұмыстан қуылды. Бас прокуратура Темір ауданы әкімі мен өңірдегі білім саласына жауаптыларды да жазалауды талап еткен еді. Әзірге облыс әкімдігі оларға қандай шара қолданарын айтпай отыр.

— Қылмыстың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды зерделеу үшін ауданға арнайы комиссия жіберілді. Облыстық прокуратура мен жергілікті органның атына Темір ауданы әкімінің, облыстық және аудандық білім бөлімі басқармаларының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін шешу жөнінде ұсыну енгізілді. Бүгінгі күні қадағалау актісімен Қопа ауылындағы мектеп директоры қызметінен босатылды, – деп нақтылады Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.