Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру. 
АЭС құрылысы бойынша Халықтық штаб құрылды
860
оқылды

6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Осы орайда партиялар мен қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді.

Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру. 

«АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Еліміздегі және әлемдегі барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. 6 қазанда өтетін референдум біздің бірлігімізді көрсетеді», – деді Ерлан Қошанов. 

Бүгінгі күні еліміз электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту болып табылады.