Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді.
«AMANAT» МӘМС жүйесіндегі олқылықтарды өз бақылауында ұстайды
1,039
оқылды

«AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және жемқорлық тәуекелдерін азайту шаралары талқыланды.

Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтарды ретке келтіру керектігін атап өтті.

«Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», – делінген Президент Қазақстан халқына Жолдауында.

Кеңес төрағасы Ерлан Саировтың айтуынша, кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды.

Жиын басында Кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ Партиялық бақылау департаментінің Шымкент қаласына, Жамбыл және Түркістан облыстарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің жай-күйін зерделеу және осы бағыттағы жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар жинау мақсатында жасалған іссапардың нәтижелерін баяндады.

«Түркістан облысының тұрғындары, соның ішінде Төле би, Ордабасы және Жетісай аудандарының фермерлері 2022 жылға арналған МӘМС қарыздары үшін шоттарының бұғатталғанына наразы. Олар бұл қарыз туралы алдын ала хабарлама алмағанын айтты. Сондай-ақ Шымкентте 4766 орындық стационарлық төсек орындарының 1049-ы қаржыландырудың жеткіліксіздігінен бос тұр. Төсек-орын тапшылығынан бөлек, диагностикалық қызметтерге жолдама алу және арнайы мамандардан кеңес алуға қатысты қиындықтар басты мәселелердің бірі болып отыр. Сонымен қатар Жамбыл облысында жүйелі проблемалар анықталды: халықтың сақтандыру жүйесіне қатысу деңгейінің төмендігі, медициналық мекемелердегі қаржылық менеджменттің әлсіздігі және сыртқы аудиттің жеткіліксіздігі», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Қордың жұмысында елеулі кемшіліктер мен орындалмаған міндеттемелердің бар екенін айтты. Бұл олқылықтар заң бұзушылықтарға жағдай жасап, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына мүмкіндік туғызады.

«Мұндай жағдайлар тек бір мекемеде ғана емес, көптеген мемлекеттік ұйымдарда кездесіп отыр. Мысалы, Атырау қаласындағы №4 қалалық емханасының директоры бас есепшімен, шаруашылық жөніндегі меңгерушімен және жеке кәсіпкермен алдын ала келісім жасап, шын мәнінде орындалмаған жұмыстар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген 231 млн теңгені негізсіз аударған. Бұл тек бір ғана мысал, ал мұндай фактілер аз емес», – деді ол.

Жоғары аудиторлық палата 2022-2023 жылдары Қордың және оның өңірлік филиалдарының жұмысының тиімділігін тексеруге аудит жүргізді. Басты назар қаржы ресурстарын бөлуге, медициналық қызметтердің сапасына және басқа да жүйелік мәселелерге аударылды. Аудиторлар стоматологиялық қызметтерге екі рет төлем жасалған жағдайларды анықтады.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров мемлекеттік аудит медициналық ұйымдардың кредиторлық қарыздарын анықтағанын айтып, бұл мәселені партия өз бақылауына алатынын жеткізді.  

«Қай жерге барсақ та, осы МӘМС-тің жұмысына қатысты сын естиміз. Халықтың қордың жүйесіне қатысты өкпесі қара қазандай. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешектері де жетерлік. Оны қалай шешпексіздер? Үнемі жаттап алған баяндамаларыңызды қайталап оқып беруден жалықпайсыздар. Бұл не деген бітпейтін бюрократия? Бұл мәселені біз бақылауға аламыз», – деді ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкіліне қойған сұрағында.

Жалпы биылғы наурыз айындағы жағдай бойынша еліміздегі 109 медициналық ұйымның 19 млрд теңгеге мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар екені анықталды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Әбілов аталған қарыздар бүгінде өтеліп жатқанын мәлімдеді.

«Ақпараттық жүйеде төлемдерді жүргізе алмауымызда қиындықтар болды. Сондай-ақ қаржыландыру да жеткіліксіз болды. Бүгінгі күні Қаржы министрлігінен 107 миллиард теңге алдық және алдағы екі ай ішінде жеткізушілер алдындағы қарыздарды жаппақпыз. Қыркүйекте біз маусым айының берешегін жауып жатырмыз. Ақпараттық жүйелер қазір дұрыс жұмыс істеп тұр, мониторинг жүргізіліп, төлем тұрақты өткізілуде», – деді ол.

Кеңесте денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың маңыздылығы да талқыланды, бұл жалған есептерді болдырмауға және қаражаттың тиімді пайдалануын бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кеңестің отырысында Алматы облысындағы сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың жағдайы және партияның 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің баяндамалары тыңдалып, өңірде жемқорлыққа қарсы нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны аталып өтті. Дегенмен, Кеңестің жұмыс тобы және құқық қорғау органдары жүргізген талдаулар бойынша бірқатар олқылықтар мен кемшіліктердің анықталғаны хабарланды. Отырыс нәтижесінде Алматы облысында жемқорлық құқық бұзушылықтарын жою бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.